Halyq Uni логотип
×

Шоқанды Қашқарға аттандырған көпестің үйі сол қалпында сақталған

2 қабатты, 6 бөлмелі, 11 терезелі бұл үй мемлекет тарапынан қорғалатын ескерткіштер тізіміне әлі алынбапты

 Еркеғали Болатұлы 22.01.2023 | 10:40
Шоқанды Қашқарға аттандырған көпестің үйі сол қалпында сақталған
фото: дереккөз

Семейлік өлкетанушылар әйгілі ғалым Шоқан Уәлиханов қонақ болған үйді анықтады. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.

Ғимараттың салынғанына 160 жылдан асса да, әлі күнге дейін тамаша сақталған. Атақты саяхатшы ол үйге жазушы Федор Достаевскиймен бірге келіп жүрген. Ал үй иесі, көпес Мир-Құрбан Аюпов даңқты тұлғамен қауіпті саяхатқа бірге барып, керуеннің барлық шығынын өзі көтерген. Тіпті, географтың Әлімбай есімін алуына да тікелей сол ықпал еткен деген болжам бар.

Тоқсан жасқа аяқ басқан қария, өлкетанушы Шафкат Файзуллин Семейдің кезінде татар слободасы, қазір «Таткрай» аталатын шағын ауданындағы әр ғимараттың тарихын жақсы біледі. Әйгілі ғалым Шоқан Уәлиханов 1858 жылы Қашқар сапарына барғанда жанына 10 ай, 14 күн серік болған семейлік көпес Мир-Құрбан Аюпов туралы тұщымды деректі осы кісі әңгімелеген. Мұны білетін жөні де бар. Себебі ақсақалдың атасы Мұхамед Кәрім өз заманында сауда-саттықпен айналысып, екінші гилдиялы көпес болған.

Мир-Құрбан Аюпов дүкен де ашқан. Сауда жасаған. Ол кезде Семейде ағаш үйлер де, өрт те көп болған. Бұқаш көпес қорқып, қызыл кірпіштен тағы бір 6 бөлмелі үй салған. Шоқан осы үйде болды. Ол орысшаға да, қазақшаға да жүйрік болған. Қашқарға барғанда білмесін деп қазақы киім киген. Былайша айтқанда, барлауға барған, - дейді өлкетанушы Шафкат Файзуллин.

Айта кетсек, Мир-Құрбан Аюпов Шоқан Уәлиханов Қашқар сапарына барғанда керуенді жабдықтауға зор үлес қосқан. Керуенде 6 киіз үй, 101 түйе, 65 ат және құны 18 545 күміс сомдық тауар болғанын саяхатшының өзі де есебінде жазған.

Кезекті сауда керуенін, бәленбай түйесі бар, мінетін аттары бар, соны Семейде жабдықтаған. Шоқан керуенді Жетісу облысы Ақсу ауданының жерінде, Қапал маңында күтіп жатқан. Сол жерден Әлімбай деген атпен қосылған. Бұқаштың өзі Шоқанды жақсы білген, - дейді тархшы Мұхтарбек Кәрімов.

Ал Марат Сасановтың айтуынша, Шоқан Уәлиханов көпестің еңбегін ескерусіз қалдырмай, марапатқа ұсынған. Ол патшадан 600 рубль күміс алған. Хорунжий шені берілген. Абай ауданы аумағынан мың десятина жер кескен. Генерал губернатор Гасфорт пен Федор Достаевский онымен кездескенін жазған. Бәкене бойлы, арық келген, сақалды адам болған делінеді. Шынын айтқанда, бұл адам туралы дерек аз.

Сауда жасаудағы табандылығына қарап, халық Бұқаш деп атаған көпестің 2 қабатты, 6 бөлмелі, 11 терезелі үйі мемлекет тарапынан қорғалатын ескерткіштер тізіміне әлі алынбапты. Жалпы, Семейде көне заманның көзіндей болған мұндай тарихи ғимараттар аз емес. Жойылу қаупі төніп тұрғандары да бар. Мұндай нысандарды тезірек мемлекет қамқорлығына алу керек дейді жергілікті өлкетанушылар.

Мәдениет басқармасының мәліметінше, Абай облысында 423 мәдени-тарихи ескерткіш бар. Семейде 36 сәулет ғимараты жергілікті маңыздағы ескерткіштер тізіміне енген. Осы нысандарды қорғау, сақтау мақсатында өңірде арнайы коммиссия құрылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама