Жарылыс салдарынан 53 жастағы ер адам мен 54 жастағы әйел зардап шекті
Қарағандыда газ баллоны жарылды. Салдарынан 4 пәтер зардап шегіп, 2 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Оқиға бүгін, 21 қаңтар күні сағат 18:51-де Қарағанды қаласындағы Щорс көшесі, 37-үйде болды.
Екі қабатты тұрғын үйде газ баллоны (көлемі – 5 л) жарылды. Өрт болған жоқ. Жарылыс салдарынан №6 (2-ші қабатта) және ішінара №4, 5 (2-қабатта) және №3 (1-қабатта) пәтерлерде ағаш қабырғалар қирап, алдын ала болжам бойынша үйдің 36 шаршы метр алаңы бүлінді, - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметі.
Жарылыс салдарынан 53 жастағы ер адам мен 54 жастағы әйел зардап шекті. Олар күйік жарақаттарымен Қарағанды қаласындағы облыстық медицина орталығына жатқызылды.
Оқиға орнында облыстық ТЖД-нің 36 қызметкері және 8 техникасы жұмыс істеп жатыр.
Қала әкімдігі баспаналары бүлінген тұрғындарға жатақханадан орындар ұсынды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.