Энергетикалық сусындардың денсаулыққа зардабы қандай? - дәрігер жауабы

Халық үні

Энергетикалық сусынды ішкенде ешқандай энергия келмейді.

фото: ашық дереккөзден

Энергетикалық сусындар адам ағзасына қаншалықты зиян? Оларды көп ішетін адамдар қандай ауруларға душар болуы мүмкін? Осы және басқа да сұрақтарға ҚазАқпарат тілшісіне Алматы қалалық №36 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Айдана Байсейтова жауап берді.

- Айдана Мұратбекқызы, энергетикалық сусындар адам ағзасына қаншалықты қауіпті?

- Энергетикалық сусынды ішкенде ешқандай энергия келмейді. Ол керісінше адамды шаршағанын өзі сезбейтін күйге ұшыратады. Нәтижесінде адам ағзасы шамадан тыс энергия жұмсап, ағзасына үлкен зақым келтіреді. Алдамшы сергектік сыйлайтын сусынның әсері шамен 2-3 сағаттан соң қайтып, адам ағзасы қатты шаршаңқы күйге ұшырайды.

- Бұл энергетикалық сусындардың құрамындағы заттарға байланысты ғой...

- Кез келген энергетикалық сусынның құрамында әдетте таурин мен кофеин болады. Ал, олардың көп бөлігі сахароза немесе глюкозадан тұрады. Таурин жүрек бұлшықетінің әрекетіне әсер етсе, глюкоза мен сахарозаның көп мөлшері қант диабетінің, асқазан-ішек жолдары ауруларының даму қаупін арттырады.

Сонымен бірге, сусынды ішкен кезде олар адам энергиясын бірден оятады. Себебі, адам ағзасына сигнал беруші – ми глюкозамен қоректенеді. Ал, кофеин болса ағза шаршағанда жауап беретін аденозин рецепторларын бұғаттайды. Қалыпты ағза шаршағанда аденозин рецепторлары жұмыс істеп, ұйқы щақырады, арықарай адам демалумен қан айналымы, энергиясы, жалпы денсаулығы қалыпқа келтіріледі.

- Энергетикалық сусындарды жиі ішетін адамдарда қандай аурулар кездесуі мүмкін?

- Энергетиктерді жиі ішетін адамдарда ас-қазан ішек аурулары, асқазан жарасы, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, ұйқы режимінің бұзылуынан депрессиға ұшырау, тіс жегі сынды, басқа да аурулар пайда болуы әбден мүмкін.

- Сіздің ойыңызша Алматыда энергетикалық сусындарды қай жастағы азаматтар көп қолданады?

- Қазіргі таңда энергетикалық сусындардың еркін сатылуына байланысты мектеп жасындағы жасөспірімдер көптеп тұтынатыны байқалады, яғни 11-15 жас арасындағы жасөспірімдердің 40%-дан астамы энергетикалық сусындарды күнделікті тұтынады. Бұл дегеніміз бұғанасы қатпаған жасөспірімдердің денсаулығына орасан зиян келіп жатыр.

- Энергетикалық сусындарды кімдерге мүлдем ішуге болмайды ?

- 15 жасқа толмаған адамдарға жане созылмалы аурулары бар адамдарға ішуге болмайды. Энергетикалық сусындарды ішкеннен ауырған азаматтар көбіне эндокриндық ауруларға шағым айтып келеді. Өкінішке орай, Алматы дүкендерінде энергетикалық сусындар еркін сатылымда. Сондықтан, оларды елімізде сатуды дұрыс жолға қою қажет деп ойлаймын.

- Сұхбатыңызға рахмет.