Өндірістің автоматтандырылуы 8 сағатта миллионға дейін жұмыртқа тасымалдауға және орауға мүмкіндік береді
Мемлекет басшысы Рудный қаласындағы «Жас-Қанат 2006» құс фабрикасына барып, құс шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу жөніндегі пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Құс фабрикасында өндірілетін өнім еліміздің барлық өңірлерінде сатылады, сондай-ақ ТМД елдеріне экспортталады.
Цехтың қуаты жылына 260 миллион дана жұмыртқа және 500 тоннадан астам ет өнімдерін өндіруге жетеді. Былтыр 517 тонна ет және 199,1 миллион дана жұмыртқа өндірілді.
Кәсіпорында өндірістік қуаты сағатына 120 мыңнан астам жұмыртқаны сұрыптап, өлшеп және маркерлей алатын Nabel жапон технологиясы қолданылады. Өндірістің автоматтандырылуы сегіз сағатта миллионға дейін жұмыртқа тасымалдауға және орауға мүмкіндік береді.
Президентке облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің өнеркәсіптік және аграрлық әлеуеті жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев ақ ауыл шаруашылығы саласындағы перспективті жобалармен танысты.
Осыдан кейін мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті лауазымына қайта сайланғаннан кейін, ең алдымен, ауыл мен ауылдық аумақтарды дамыту туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен ауылдарды дамытуға 1 триллион теңге бөлінетінін жеткізді. Оның пікірінше, Үкімет пен әкімдіктер бұл қаржыны өңір тұрғындарына барынша тиімді болатындай жұмсауы керек.
Еске сала кетсек, бұған дейін аталмыш құс фабрикасына қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатынбыз.