«Алматыда жігіт қызды өлтіріп, өз-өзіне қол салған»: көршілер не болғанын айтып берді
Көршілердің айтуынша, марқұм қыз сол жердегі салонда жұмыс істеген
Алматыда қаланың қақ ортасында жантүршігерлік жағдай болды. Жас жігіт өзінің сүйіктісін жұмысына келіп пышақтап өлтіріп, кейіннен өзіне қол салған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Әлеуметтік желіде бұған қатысты түрлі ақпарат тарауда. Оқиға «Мега» ойын сауық орталығының жанындағы тұрғын үйде болған. Көршілердің айтуынша, марқұм қыз сол жердегі салонда жұмыс істеген. Оның кездесіп жүрген жігіті жұмыс кабинетіне баса көктеп кіріп, пышақтап өлтірген дейді.
«Осы үйде тұрамын, мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Көршілердің ортақ чатына бәрі жаза бастағанда білдім. Полиция келіп үйді толықтай қоршады. Бұл аудан әдетте тыныш болатын», – дейді қала тұрғыны Рүстем Ахметов.
Ал салонның қызметкерлері қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Алматы полициясы бұл дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлады.
«Алматы қаласы полиция департаменті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып жатқанын хабарлайды. Сараптамалар тағайындалды. Кісі өлтіру мен өзін-өзі өлтірудің мән-жайы анықталуда», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.