Жетісу облысында жарылыс болды: 2 адам жансақтау бөліміне түсті

Халық үні

66 және 42 жастағы әйелдердің денесінің 40-50 пайызын күйік шалған

Фото: ҚР ТМЖ

Жетісу облысында газ баллоны жарылып, 4 адам зардап шекті. Оның екеуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.

Бұл туралы Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

66 және 42 жастағы әйелдердің денесінің 40-50 пайызын күйік шалған. 61 жастағы ер адам мен 3 жасар баланың жағдайы орташа ауыр. Олардың қол-аяқтары күйген.

«20 қаңтарда сағат 13:36-да Жетісу облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы жеке тұрғын үйдің бірінде көлемі 5 л. газ баллоны жарылды. Салдарынан қызыл жалын үйдің 100 шаршы метр аумағын шарпыды. Зардап шеккен төрт адам, оның ішінде бір бала ауруханаға жатқызылды. Жетісу облысы ТЖД 5 қызметкері және 2 техника күшімен өрт сағат 14.15-те сөндірілді»,- делінген хабарламада.

Жарылыстың алдын-ала себебі - қатты отынмен жылытылатын пештің жанына 5 литрлік газ баллонын жылытуға қойған.

«ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және газ баллондарды жылыту пештерінің жанында және басқа да жылдам қыздыру тәсілдері арқылы жылытпауға шақырады»,-делінген хабарламада.