×

Алматы қаласының экология саласы бойынша жемқорлық әрекеттер әшкереленді

Жүйелі түрде пара алып келген Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасарының әрекеті әшкереленді

 Халық үні 20.01.2023 | 18:39
ашық дереккөзден

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әлеуметтік маңызы бар салаларда жемқорлықты анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Алматы қаласының тұрғындарын алаңдататын мәселелердің бірі экология. Алматының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті осы саладағы лауазымды тұлғалардың жемқорлық әрекетін тоқтатты.

Нақтырақ айтқанда, жүйелі түрде пара алып келген Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасарының әрекеті әшкереленді.

Олардың бизнес өкілдерінен экологиялық бекеттерде автокөлік құралдарына экологиялық мониторинг жүргізу бойынша бұрын жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қою үшін 12 млн теңгеден астам қаражат алынғаны анықталды.

Бұдан басқа, қалалық әкімдіктің ведомстволық бағынысты ұйымы – «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің» басшылығы әшкереленді.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында парк басшысының санитарлық бұтау және ағаштарды кесу жөніндегі шарттар аясында орындалған жұмыстар актілеріне қол қойғаны үшін кәсіпкерден 1,5 млн. теңге сомасында пара алғаны туралы дәлелдер алынды.

Айта кетейік, Алматыдағы «Медеу» табиғи паркі директорының міндетін атқарушы Алмас Аттапханов және мекеменің басқа да лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқаны хабарланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама