Рейдерлік: Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі қамауға алынды
Антикор ақпаратты растады
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыұлына, оның бұрынғы жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға және басқа да тұлғаларға қатысты бизнесті рейдерлік басып алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
16 наурызда Г.Сатыбалды ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы бойынша ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
Еске салайық, 13 наурызда лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталды.
Қайрат Сатыбалдыұлының мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов Қайрат Сатыбалдыға қатысты пікір білдіріп, оның Алматы әуежайы аумағында ұсталғанын айтты.
«Қылмыстық іс «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеліп жатыр. Кеше осы бойынша тиісті ақпарат таратылды. Қазір қаражат сомасы анықталып жатыр, ол бойынша бірнеше эпизод қамтылған. Осы орайда сараптама жүргізілгеннен кейін, біз бұл соманы жария етеміз. Дегенмен осы іске қатысты миллиардтаған қаражат бар деп айта аламын», - деді Антикор басшысы.