Даниал Ахметов Риддер халқынан кешірім сұрады
Қала тұрғындарының үйлеріндегі температура төмендеген
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Риддер қаласының ЖЭО-дағы апатты жағдайға байланысты тұрғындардан кешірім сұрады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өңір басшысы қазақстандық заңнаманың осалдығы себебінен өмірлік маңызы бар орталықтардың басшылары жауапсыздық танытып отырғандығын жеткізді. Айтуынша, ЖЭО басшылығы 4 жыл бойы ештеңе істемей, мемлекеттік органдарды жалған анықтамалармен алдап келген.
Былтыр қараша айында алғаш рет апат болған кезде біз басқа кәсіпорындар мен жылу электр орталықтарынан 160 маманды тартып, қалпына келтіру жұмысын қолға алдық. Өте мүшкіл хәлде болған жоғары қысымды 2 қазандықты қысқа уақыт ішінде жөндеп шығардық, – деді облыс әкімі.
Сонымен бірге, ол ЖЭО көмір кен орнына 1 млрд 350 млн теңге қарыз екенін еске салды. Мекеме басшылығы көмірдің құнын төлеуден бас тартқандықтан, кен орны әкімдіктің кепілімен орталыққа көмірді жеткізуді тоқтатқан жоқ.
Қазір Орталық отынның басқа түрі – мазутқа уақытша ауыстырылды. Бүгін Риддерге мың тонна мазут жеткізіледі. Бұл қор жөндеу жұмыстары кезінде жеткілікті болмақ. Әрине, қала тұрғындарының үйлеріндегі температура аздап төмендейді. Бірақ бұл шамалы түрде болады. Менің тапсырмам бойынша Риддер ЖЭО жанында өрт сөндіру есептері кезекшілікте болады. Трактатты жөндеуге біздің үздік мамандар тартылды. Оның ішінде 46 адамды «Қазмырыш» ЖШС жолдады, – деді Даниал Ахметов.
Еске сала кетсек, 19 қаңтарда Риддер ЖЭО-дағы жанармаймен қамтамасыз ету цехында өрт шыққан болатын. Сондай-ақ осы күні қалада құбыр жарылып, тұрғындар жылусыз қалған.