Бүгінде 120-ға жуық спортшы Гран При және Grand Slam сериялары мен әлем чемпионатына дайындалып жатыр
Қазақстан дзюдо федерациясы үздік балуандар мен жаттықтырушыларға 20 млн теңге табыс етті.
Кездесуде әлем чемпионатының жүлдегерлері 4 млн теңге, Азия чемпионы 2 млн теңге, құрлықтық біріншіліктің күміс жүлдегері 700 мың теңгеден сыйақы алды. Ал қола жүлдегерлер жарты миллион теңгеден және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерлері 400 мың теңгеден иеленді. Ақшалай сертификаттар Қазақстан құрамасының жаңа маусым қарсаңында өткізіп жатқан оқу-жаттығу жиынында табыс етілді.
Осы күні сыйақыларды елімізге белгілі дзюдошылар ғана емес, ерлер және әйелдер ұлттық құрама командаларының бас жаттықтырушылары Нұрбол Сүлейменов пен Ерлан Алпысбаев 700 мың теңге көлеміндегі ақшалай сертификаттармен марапатталды. Бүгінде олардың басшылығымен еліміздің 120-ға жуық дзюдошысы Гран При және Grand Slam серияларына, сондай-ақ мамыр айында Катарда өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатыр. Осы турнирлерде дзюдошылар келесі жылы Парижде өтетін Олимпия ойындарына іріктеу ұпайларын жинай бастайды.
Сондай-ақ федерация балуандарды жарысқа дайындайтын жаттықтырушылардың кеңесшілерін, дәрігерлерді, массажистер мен ұлттық құраманың менеджерлерін 250 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейінгі көлемдегі сертификаттармен марапаттады.
Қазір ресми деректер бойынша елімізде барлығы 85 мыңға жуық адам дзюдомен айналысады. Дзюдодан жасөспірімдер, жастар және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаттарына еліміздің түкпір-түкпірінен 10 мыңнан аса спортшы бас қосып, өзара бақ сынасып жүр.
Былтырғы жыл дзюдошылар үшін сәтті аяқталды. Қазан айында Ташкентте өткен әлем чемпионатында отандастарымыз екі қола жүлдеге ие болды. Елдос Сметов ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 3-орынға табан тіресе, Әбиба Әбужақынова әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдені иеленді.
Тамыз айында өткен құрлықтық біріншілікте Қазақстан құрамасы ел намысын абыроймен қорғады. Атап айтқанда, 73 келіге дейінгі салмақта Данияр Шамшаев жарыс жеңімпазы атанды. Ал 100 келіге дейінгі Ислам Бозбаев күміс жүлде алды. Дидар Хамза, Мағжан Шамшадин, Ғұсман Қырғызбаев, Нұрлыхан Шархан және Аруна Жангелдина Азия чемпионатының қола жүлдесін қоржынға салған болатын.
Сонымен қатар, Камила Берліқаш қараша айында Бакуде өткен Grand Slamс ериясы турнирінің қола жүлдегері атанды. Ал Босния мен Герцеговинада жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 50 келіге дейінгі және 60 келіге дейінгі салмақта қола медальдарды Диас Жолдыбаев пен Талғат Орынбасар жеңіп алды.