Журналистерге шабуыл: Ақпарат министрлігі қандай шара қабылдайды
Қазақстанда БАҚ өкілдері белгісіз күштердің қысымына ұшырап жатыр
Ақпарат министрлігі шабуыл жасалған жасалған бірқатар қазақстандық журналист пен БАҚ-қа көмектеседі. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Журналистерге шабуыл жасау мәселесі министрліктің қатаң бақылауында. Қазір бұл жағдайға баға беру әлі ерте деп есептеймін. Өйткені құқық қорғау органдары іс-шараларын өткізіп, баға беруге тиіс», - деді Данияр Қадыров ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр қазір «Масс медиа туралы» заң ашық талқыланып жатқанын айтты. Аталмыш заңда журналистерді жан-жақты қорғау, беделін көтеру мәселесі кеңінен қамтылады.
Бұл құжатты қабылдау аясында журналистердің құқығы мен бостандығы толық қамтылады деп есептеймін, - деді вице-министр.
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге қатысты құқық қорғау органдарына тапсырма берді.
Айта кетейік, бұған дейін журналист Вадим Борейконың пәтерінің есігін белгісіз біреулер өртемек болғаны хабарланды. Бұл іске қатысты Алматы қаласы Бостандық ауданы полициясы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Оның алдында ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Ulysmedia.kz порталына жасалған хакерлік шабуыл туралы жазды.
14 қаңтарға қараған түні Алматыда белгісіз біреулер журналист Динара Егеубаеваның көлігіні өртеп кетті.