Еуропарламент Путин мен Лукашенко үшін трибунал құру туралы қарар қабылдады
Резолюцияға 72 парламентарий дауыс берсе, 19 адам қарсы шықты. Тағы 33 депутат қалыс қалды
Еуропарламент Ресей президенті Владимир Путин мен Белурусь президенті Александр Лукашенкоға арналған трибунал құру жөніндегі тиісті қарарды мақұлдады. Бұл туралы «Степкор» хабарлады.
Еуропарламент депутаттары Владимир Путинді, Александр Лукашенконы және Ресей мен Беларусьтің басқа да жоғары лауазымды басшыларын қылмыстық жауапқа тарту керек деп шешті. Олар 472 дауыспен осы мазмұнды қарарды қабылдады. Бұған қарсы дауыс берген 19 депутат та табылды. Тағы 33 депутат қалыс қалды.
Қарарда Ресей әскерлері украинның Буча, Ирпень, Мариуполь, Гостемел және басқа да қалаларында жасаған істер бұл соғысты олардың бір халықты қырғынға ұшырату мақсатында жүргізіп жатқанының куәсі болатыны атап көрсетілген. Сондықтан кінәлілерді жауапқа тартудың халықаралық әрекетін үйлестіру керектігі талап етіледі.
Сондай-ақ Еуропа депутаттары трибунал тек Владимир Путин мен Ресей басшылығына ғана заң жүзінде баға берумен шектеліп қалмауы керек, мұндай жазаға Александр Лукашенко мен оның Бедарусьтегі қолдаушылары да тартылуға тиіс деп есептейді.
«Парламент осындай арнайы трибуналдың құрылуы ғана Ресей қоғамы сияқты халықаралық қауымдастыққа да РФ президенті Путин мен тұтастай алғанда, Ресей басшылығының Украинаға қарсы қылмыстарының ауқымы мен салмағын пайымдай алуға мүмкіндік беретініне өте сенімді. Еуропа парламенті Батыстың енді Путиннің басшылығындағы Ресей Федерациясымен бұрынғы қалыпты қарым-қатынасқа қайтып келе алмайтынын да атап көрсетеді», – делінген Еуропарламент сайтында жарияланған хабарламада.