Halyq Uni логотип
×

Түрік инвесторы Көкшетауда ЖЭО салуға қызығушылық танытты

Жоба бойынша ашық тендер өткізіліп, оған барлық әлеуетті инвесторлар қатыса алады

 Динара Амантай 20.01.2023 | 09:27
Түрік инвесторы Көкшетауда ЖЭО салуға қызығушылық танытты
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен түріктің «Гап Иншаат» компаниясы бас директорының міндетін атқарушы Ченгель Азиз Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу перспективаларын талқылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесу барысында Ченгель Азиз компания республикадағы инвестицияларын кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, Көкшетау қаласында ЖЭО салу жобасының болашағы зор.

Премьер-министр Түркия Республикасы Қазақстан үшін маңызды стратегиялық серіктес екенін, сондықтан Үкімет өзара тиімді жаңа жобаларды іске асыруды қолдайтынын атап өтті. Бұл ретте Әлихан Смайылов Энергетика министрлігі Көкшетауда ЖЭО салу жобасы бойынша ашықтық пен бәсекелестік қағидаттарымен ашық тендер өткізетінін, оған барлық әлеуетті инвесторлар қатыса алатынын айтты. Өз кезегінде Ченгель Азиз тендерге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.

Әзірленген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, Көкшетаудағы жаңа ЖЭО-ның электр қуаты 240 МВт, жылу қуаты – 520 Гкал/сағ.

Жобаны қаржыландыру тендерде жеңіп шыққан инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Анықтама үшін: «Гап Иншаат» компаниясы 1996 жылы құрылған. Бас кеңсесі Ыстанбұлда орналасқан. Компания түрлі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен айналысады. Қазір «Гап Иншаат» Түркия, Түрікменстан, Ирак, Катар, Сауд Арабиясы және т. б. елдерде жобаларын жүргізіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама