Италияда көз жұмған қазақ қызы жайлы тың ақпарат белгілі болды

Халық үні

Әсем - нәзік әрі ұялшақ, ерекше сұлу, сонымен бірге өте ақылды және талантты қыз болды

Әсем Жарбосын. Фото: nu.edu.kz

Назарбаев университеті 17 қаңтар күні Италияда қайтыс болған қазақстандық ару жайлы тың ақпаратпен бөлісті. Сонымен қатар университет өкілдері ресми сайтында Әсем Жарбосынның жақындарына көңіл айтты. 

«Назарбаев университеті» автономды білім беру ұйымының қауымдастығы 2023 жылдың 17 қаңтарында кешкісін Әсем Жарбосынның кенеттен және кездейсоқ қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Ол Назарбаев университетінің 2020 жылғы химия және материалдар инженериясы магистратура бағдарламасының түлегі. 2021 жылы ол Италиядағы Салерно университетінің докторантурасына түсіп, Еуропаның тағы бес беделді университеті мен бес жетекші өнеркәсіптік компания қатысатын TUSAIL жобасының стипендиясының иегері болды. Ол бұл стипендияға Назарбаев университетінің магистратурасында оқып жүрген кезіндегі алғашқы зерттеулерінің нәтижелері үшін ие болды.

Powder Technology ғылыми топ құрамында Әсем Вороной тесселляциясын қолдана отырып, кеуекті электродтардың бұралу қабілетін зерттеді. Сонымен қатар кең математикалық деректермен жұмыс істеді. Аз уақыт ішінде халықаралық журналдарда бірнеше ғылыми мақалалар жариялады. 2019 жылы ол Жапонияда өткен Токио халықаралық конференциясында ғылыми жобасын ұсынып, ылыми-зерттеу және инновациялық әлеуетті дамыту студенттік жобалар байқауында жеңіске жетті», - деп жазды университет сайтында.

Сонымен қатар марқұм Әсемнің әріптестері мен зерттеуші әріптестері оның ғылымға құмар, әлемге пайдалы зат ойлап табуды армандаған, ақкөңіл, жанашыр, өршіл ару ретінде еске алды.

«Әсем - нәзік әрі ұялшақ, ерекше сұлу, сонымен бірге өте ақылды және талантты қыз болды. Дарынды балаларға арналған мектепте оқып, домбырада керемет ойнады. Әр ата-ана осындай баланы армандайды. Менімен бірге Әсем Еуразия ұлттық университетінің бакалавриат студенті болған кезінде, никель көбігінде графенді синтездеу бойынша дипломдық жұмысын аяқтады. Диплом сәтті қорғалғаннан кейін Назарбаев университетінің магистратурасына түсіп, сәтті аяқтады.

Әсем зерттеу жұмыстарында өте тиянақты болды, оның зертханалық жазбалары көркем туындыға ұқсайтын. Кейін мен оның жазбаларын барлығына үлгі етіп қойдым. Бұл бәріміз үшін өте үлкен қаза және адам сенгісі келмейтін қайғы. Барша туған-туыстарына көңіл айтып, бірге қайғырамыз, иманды болсын», – дейді National Laboratory Astana-ның жетекші ғылыми қызметкері Әлия Мұқанова.