Украинада соғыс салдарынан 500 мыңнан аса көлік бүлінген
Олар бір жерге жиналып, ашық аспан астындағы мұражайға айналды
Соғыс басталғалы бері Украинада жарты миллионнан аса көлік бүлінген. Бұл туралы сол елдегі Автокөлік нарығын зерттеу институты мәлімдеді.
Алғашқы айларда автокөлік тасымалы толығымен тұралап қалған еді. Алайда қазір нарық қайта жандана түскен. Бір жылға жуық уақытта ел аумағына 400 мыңнан аса жеңіл көлік өтті.
Украина билігі 2022 жылдың сәуірі мен маусым аралығында елге кіргізілген көліктерді уақытша кедендік төлемдерден босатқан еді. Мұндай жеңілдікті пайдаланған украиналықтар 20 мыңға жуық көлікті елге кедендік салықсыз жеткізген. Ал бүлінген көліктер бір жерге жиналып, ашық аспан астындағы мұражайға айналды.
Соғыс кезінде украиналықтар үшін көліктің маңыздылығы артпаса, кеміген емес. Олар көлікті жаппай сатып алып, қауіпсіз жерге жету үшін пайдаланды.
Бастапқыда теңіз порттары жабылып, көліктерді Америкадан жеткізу уақытша тоқтаған еді. Алайда уақыт өте келе қалыпты жағдайға оралды. Қазір жаңа логистикалық бағыттар пайда болды, - деді Автокөлік нарығын зерттеу институты басқармасының төрағасы Станислав Бучацкий.