Астанада Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған брендбук таныстырылды
Халық батырына құрмет көрсетілді
Астанада «Амангелді Иман» қоғамдық қорының және Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының бастамасымен 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің бас сардары, халық батыры Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған брендбук таныстырылымы өтті.
Брендбук авторы – танымал суретші, иллюстратор, дизайнер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркем академия корреспондент-мүшесі Алмас Сырғабай. Ол соңғы жылдары компьютерлік графиканы қолдану арқылы «Digital art» стилінде сурет салып жүр.
Суретші Алмас Сырғабай – былтыр біртұтас ұлттың ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы логотипінің авторы. Сондай-ақ ол Алаш ардақтысының өмірінен сыр шертіп, тұлғалық болмысын айқындаған сурет көрмесін де ұйымдастырған суретші-кескіндемеші.
«Логотип арнайы құрылған комиссияның талқылауынан өтті. Ол екі түрлі нұсқада дайындалды. Біріншісі, қазақтың әйгілі кескіндемешісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеев жасаған портретінің негізінде, елдің көңілінде жүрген белгілі образда жасалды. Екіншісі, Алматыда орнатылған алғашқы атты мүсін «Амангелді Иманов» ескерткішін (1947 жылы қойылған ескерткіш. Мүсінші Х.Б. Асқар-Сарыджа, сәулетшісі – Т.Бәсенов, – ред.) негізге ала отырып жасалды. Себебі қазақ халқының жадында батырдың образы осылай сақталған болатын. Аты аңызға айналып кеткен бірі көзмерген, бірі қолмерген Амангелді мен Кейкі батырларды ұрпақтар біліп өсуі керек. Жау келгенде батырлары құрбандыққа жаралған, дау болғанда шешендері қара қылды қақ жарған, бұл екеуінің қайсысын нашар дейсің, әділдік пен ізгіліктен жаралған. Елі үшін құрбан болған, сол жолда аянбай күрескен бабаларымызды ардақтау – міндетіміз. Амангелді Иманов – өз өмірін осы жолға құрбан еткен батыр. Рас оның өр мінезін өз пайдасына шешкісі келгендер аз болған жоқ. Дегенмен «Ер есімі – ел есінде» дегеніміз – осы», – деді логотиптің қысқаша мазмұнын айтқан Алмас Сырғабай.
ҚР мәдениет қайраткері, «Қорқыт» этноансамблінің көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек брендук таныстырылымында халық батыры Амангелді Имановтың музыкадағы көркемдік бейнесін ашуға еліміздің көптеген танымал композиторлары атсалысқанын, батырдың образын ұрпақ жадында сақтау үшін ірі формадағы шығармалар (опералар,симфониялар) жазылғанын, соның ішінде дәулескер күйші Сүгірдің де «Амангелді» деген күйі бар екенін айтты.
Қазір біз музыканттармен ұзақ жылдар бойы мұрағатта жатып қалған ноталық және аудиожазбаларды қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өте табандылықты, шыдамдылық пен ұқыптылықты қажет ететін шаруа. Жұмыс ноталық редакция, жаңа аранжировка, жаңа аспаптық өңдеу, симфониялық оркестр мен фольклорлық ансамбльдің жаңа дыбыстық синтезінің үндесуі бағытында жүргізіліп жатыр. Біздің міндетіміз – бұл классик композиторларымыздың және жас композиторлардың Амангелді Имановтың көркемдік бейнесін ашуға арналған шығармаларын елімізде ғана емес, шетелдерде де насихаттау, – деді ол.
Кездесуде «Амангелді Иман» қоғамдық қорының төрағасы Толқын Сұлтан аса көрнекті ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың өз мақаласында жазған халық батырының даңқты ерлігін атап өтті. «Амангелді батыр шыққан Бегімбет тұқымы Қыпшақ руының ең жақсы жауынгерлік салтын тура сақтап, дамытып отырды», – деді ғалым. Себебі XIX ғасырдың бірінші жартысында болған Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының патша өкіметіне қарсы ірі көтерілісі кезінде Амангелді Үдербайұлының атасы Иман батыр бауырларымен, балаларымен сол азаттық жолындағы ұлы күрестің маңдайалды жауынгері болды. Қазақ журналистикасының дамуына атсалысқан Амангелдінің бел баласы Рамазан журналист ретінде Кеңес армиясына шақырудан босату үшін арнайы бронь болса да ондай ұсыныстан бас тартып, өз еркімен майданға аттанды. Тіпті республикалық газетте оның Амангелді Имановтың ұлы ретінде тылда болуға хақысы жоқ екендігі туралы мәлімдемесі жарияланды. «Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» деп бекер айтпаған Ахмет Байтұрсынұлы. Сондай ерлердің бірі және бірегейі Амангелді Иманов еді.
Қарапайым халықтың қамқоршысы мен арқасүйері болу екінің бірінің қолынан келмес ерлік еді. Амангелді Иманов – ежелгі қазақ халқының дәстүрлі батырлар жалғасының соңы. Жасы 15-ке келгенде мерген, 20-ға келгенде батыр атанды. Оның есімін ардақтауға атсалысу – бүгінгі және кейінгі, келешек ұрпақтың борышы, – деді Толқын Сұлтан.
Қазақстан композиторлар одағының төрағасы, ҚазҰҚУ доценті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серікжан Әбдінұров ерлік пен өрлікті, ұлтына сүйспеншілікті арқау ететін шығарма жазғанын, сол еңбегін Амангелді Имановқа арнағанын жеткізді.
«Тарқатып айтатын болсам, сәуір айында Астана қаласы әкімдігінің Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлеттік академиялық филармониясы «Батырдың биік тұлғасы» атты академиялық концерт жоспарлап, дайындықты бастап кетті. Себебі қай заманда болса да, азаматтың рухын көтеретін, жігерлендіретін жорық жырлары, әскери-патриоттық әндер өскелең ұраққа ауадай қажет.
Осы тұста айтып өтейін, қазақ музыка өнерінде Амангелді батырға арналғандай көп шығарма жазылмаған шығар. Әлі де жазылып келеді. Оның ішінде ең көрнекілері – классик композиторларымыз Мұқан Төлебаев пен Евгений Брусиловскийдің «Амангелді» операсы, қытай композиторы Си Синхайдың «Амангелді» симфониясы.
Сондай-ақ Әбілахат Есбаев, Латиф Хамиди, Борис Ерзакович, Дмитрий Мацуцин, атақты күйші Сүгір сынды композиторлардың шығармалары қазақ радиосының «алтын қорында» сақтаулы. Ал арияларды орындаған – қазақ өнерінің негін қалаушылар Манарбек Ержанов, Муслим, Ришад Абдуллиндер, Ермек Серкебаев, Суат Абусейтов, Рашит Мұсабаев, Кәукен Кенжетаев. Осы аталған шығармалардың барлығы осы концертте жаңа өңдеуде, жаңа дыбыста әрленіп, қайтадан жаңғырып орындалмақ. Бұл дегеніңіз – Амангелді батырдың өзі өлсе де рухының бізбен мәңгі жасасқанының нышаны», – деді ол.
Іс-шараға Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл, Қазақстан композиторлар одағының төрағасы, ҚазҰҚУ доценті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серікжан Әбдінұров, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген металлургі, техника ғылымдарының кандидаты Серік Садықов, мемлекет және қоғам қайраткері Марат Мұстафин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Анар Мұздаханова, қоғам қайраткері Жомарт Түбекбаев, Қазақстан Республикасының өнер қайраткері Мәлік Әбділдин, ілеспе аудармашы, жазушы Камал Әлпейісова, танымал гиперреалист мүсінші, суретші Айдос Есмағамбетов, «Аңшылар мен балықшылар» Ұлттық палатасының президенті Батыр Сейкенов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» Базаркүл Ахмет, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, композитор Шолпан Қорғанбек, «Амангелді Иман» қоғамдық қорының төрағасы Толқын Сұлтан қатысты.
Кеш соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Анар Мұздаханова Айтбай Мұздахановтың «Амангелді дүбірі» күйін тартты.