Бірақ «Екібастұз жылу энерго» ЖШС оны бір жылда игере алмаймыз деп отыр
Екібастұзда барлық үйлерге жылу берілгенмен, пәтерлер жылитын емес. Тұрғындар үйдің суық екенін айтып, шағымданып жатыр. Өңірге іс-сапармен барған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов жылу орталығының жұмысымен танысты.
Бүгінде параметрлерін сұрасам, температураны 2-3 градус көбейтіп ұстап тұр енді. Бірақ бұл жерде көп мәселе бар. Әсіресе кейбір үйлерде жертөледегі судың бәрін ағызып кетті де сөйтіп жылуды дұрыс сақтай алмай отыр, - деді депутат.
Екібастұздағы апаттан кейін 18 шақырым жылу құбыры жаңартылған. Мамандар оның 1 жарым ай ішіндегі жоғары көрсеткіш екенін айтады. Өйткені өткен жылы тек 600 метр құбыр ауыстырылған болатын. Дегенмен барлық құбырды ауыстыру жылу маусымы аяқталған соң іске асады. Осы мақсатқа енді 13 млрд теңге жұмсалмақ. Ал жылу желілерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі де қарастырылып жатыр.
Бір жылда 13 млрд теңгені игере алмайтынымыз белгілі. Сондықтан биыл жылу құбырын шамамен 6-7 млрд теңгеге жаңартатын боламыз. Жұмыс көлемі өте ауқымды. Сондықтан кейбірін әлі пысықтап үлгермей жатырмыз, - деді «Екібастұз жылу энерго» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Дмитрий Захаров.
Ал қала әкімі Аян Бейсекин өздерінің барлық жылу желісін жергілікті органның меншігіне қайтару туралы жұмыстарды атқарып жатқандарын жеткізді. Қазір олар әкімдік тарапынан жылу құбырын жаңғыру бойынша жобалық-сметалық құжатты әзірлеп жатыр.