Самғау, Алғабас, Қарасу және Теректі мен Ақбұлақ шағын аудандарында білім ордалары ашылады
Биыл Алматы қаласындағы Алатау ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 5 мектеп салынады. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуде айтты.
Кездесуде қала әкімі былтыр Алатау ауданында 7 800 орынға жоспарланған 5 жаңа мектептен Саялы, Томирис, Нұркент және Рахат-Мәдениет шағын аудандарында 6 300 орынға арналған 4 мектептің ашылғанын айтты. Оның айтуынша, Дархан шағын ауданындағы 1 500 орынға жоспарланған мектеп 99 пайызға дайын, ол қаңтар айының соңында ашылады. Осы мектептің ашылуы ескеріле отырып, оқушы орнының тапшылығы шамамен 4 мың орынға дейін азаяды. Өткен жылдың қыркүйек айында Саялы-2 шағын ауданында 550 орындық мектеп құрылысы басталды. Оны биыл қараша айында аяқтау жоспарланып отыр.
«Биыл 10 050 орынға арналған тағы 6 мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Зерделі шағын ауданында жазға дейін 550 орындық мектептің құрылысы басталады. Самғау, Алғабас, Қарасу және Теректі мен Ақбұлақ шағын ауданында 690 орынға арналған №154 мектеп бұзылып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 5 мектеп салынады», – деді қала әкімі.