Отандық құрама медальдар кестесінде 3-орынға тұрақтады
Қазақстандық биатлоншы Бекентай Тұрлыбеков АҚШ-та өтіп жатқан Қысқы универсиадада 10 шақырымға спринт жарысында чемпион атанды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жарыс барысында ол екі атыс сызығында бірде-бір оқты бос жіберген жоқ. Нәтиже көрсеткен уақыты – 27:51,5. Осылайша қазақстандық биатлоншы ел құрамасына үшінші алтынды салды.
Аталған жарыста 2-орын Бьорн Уэстервелтке бұйырса, үздік үштікті қазақстандық тағы бір биатлоншы Александр Мухин еншіледі. Нәтижесінде Универсиадада отандық құрама 1 алтын, 1 қола медаль алды.
Еске сала кетсек, бұған дейін биатлоншы Вадим Куралес пен шаңғымен секіру спортынан Данил Васильев чемпион атанған болатын.
Осылайша, медальдар кестесінде қазақстандық спортшылар 3 алтын, 1 қола жүлдемен 3-орынға көтерілді. Алда Жапония және Финляндия құрамалары келеді.