Полиция кәсіпкер, Choco холдингінің бас директоры Рамиль Мухоряповқа қатысты істі тоқтатты
Полиция кәсіпкер, Choco холдингінің бас директоры және тең құрылтайшысы Рамиль Мухоряповқа қатысты істі тоқтатты. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады.
Алматы қалалық полиция департаменті Рамиль Мухоряповтың сөзіне сүйене отырып, әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық және діни араздықты қоздыру фактісін тексеру үшін сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қылмыстық қудалау органы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы процессуалдық шешім қабылдады. Алматы қаласының прокуратурасы процессуалдық шешіммен келісті», - деді Алматы қаласы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев.
Еске салайық, өткен жылдың қазан айында қазақстандық кәсіпкер, Choco холдингінің басшысы Рамиль Мухоряповтың басы дауға қалған еді. Оған Ресейден көшіп келгендермен кездесуінде қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі себеп болды. Видео желіге тарап кетті. Әлеуметтік желі қолданушылары Мухоряповтың мәлімдемесін айыптады.
Кейінірек Рамиль Мухоряпов Қазақстан халқынан кешірім сұраған видео үндеу жариялады.
«Біріншіден, бейнероликтен зардап шеккендердің барлығынан кешірім сұрағым келеді, мен оны қарап шықтым, бұл өте дөрекі және орынсыз болды. Мен Қазақстан азаматымын, Алматыда туып-өстім. Біз осы жерде компания құрдық. Қызметкерлеріміздің 99 пайызы қазақстандықтар, біз мұнда салық төлейміз. Мен қазақ тілін дамытудың маңыздылығын жақсы түсінемін. Компания ішінде барлық өнімдерге қазақ тілінде қолдау көрсетіледі. Контент қазақ тіліне аударылған, кейбіреулері аударылып жатыр, мен бұл жұмысты жақын арада аяқтаймыз деп үміттенемін. Ал өз басым тілді онша түсінбеймін.Аздап тілді түсінемін, бірақ жақсы сөйлей алмаймын. Ал енді қазақша тілін үйренуге тырысамын. Тағы да кешірім сұраймын», - деді Мухоряпов видеода.