Азат Перуашев ресейшіл депутаттың мәлімдемесіне қатысты телеграм каналында жазба жриялады
Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев «Азаттыққа» сұхбаты кезінде Ресей-Украина соғысында Мәскеуді қолдайтынын айтты. Оның сөзі НАТО мен Украинаны айыптай сөйлейтін ресейшіл пропагандамен үндес шықты.
«Мен Ресейдің президентін қолдаймын. Украинадағы арнайы операцияны қолдаймын. Осы жазға дейін Зеленскийді өзінің халқы ұстап, сотқа береді деп ойлаймын. Украинада билік басында ұлтшылдар отыр. Ресей жақтан да, Украина жақтан да соғысып жүргендерді жақсы танимын. Украинаның ар жағында Ресей жатыр. 600 метр. Кез келген ракетамен атса, Мәскеуге барады. Бұл ең алдымен олардың қауіпсіздігі», – деді депутат.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев ресейшіл депутаттың мәлімдемесіне қатысты телеграм каналында жазба жриялады.
«А.Әбілдаевтың сөздері «Ақ жол» партиясының позициясына қарама-қайшы және партиялық, депутаттық этиканы бұзып тұр. «Ақ жол» партиясы қашанда республикамыздың және басқа да дос мемлекеттердің тәуелсіздігі мен жер тұтастығын құрметтейді және қолдайды. Депутаттардың тәртіптік мәселесі партияның ұлттық кеңесінің құзыретіне кіретіндіктен, депутат А.Әбілдаевтың сөздеріне саяси баға беру үшін ертең партияның ұлттық кеңесінің пленумы шақырылды», – деп жазды ол.
Азамат Әбілдаев «Ақ жол» партиясының мүшесі, партия төрағасының орынбасары.