Павлодарда айықтырғышқа түскен ер адам үйіне табытпен оралды

Халық үні

Марқұмның артында 6 баласы жетім қалды

Фото: astanatv.kz

Павлодарда айықтырғышқа түскен ер адам мерт болды. Үйінен өз аяғымен кеткен оны табытпен әкелген. Марқұм түрлі дене жарақатынан ауруханада қайтыс болыпты. Ал жақындары оны ұрып-соққан деп отыр, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Күлжан Медейдің жолдасынан айырылғанына 2 айға жуықтаған. Марқұм жиі ішімдік ішетіндіктен, учаскелік полицейді шақыруға мәжбүр болыпты. Алайда оның соңы өлімнен аяқталатын білмедім деп отыр.

«Үйден учасковой әкетті. Ол кісі жауап беру керек ғой. Сап-сау әкеткен кісіні сабап өлтіріп отыр. Сараптамада сау жері жоқ. Ол кісіні апарғаннан кейін бір-екі сағаттан кейін қайтып кеткен. Бас деген майысып қалған. Өне бойдан түк жоқ. Сап-сау кеткен. Неге соғырша жәбірлеп сабайды», -дейді марқұмның жұбайы Күлжан Медей.

Марқұмның артында 6 баласы жетім қалды. Үлкені кәмелет жасына енді ғана толса, кішісі 2 жаста. Қызының айтуынша, бұл өлімге ауылдың учаскелік полиция қызметкерінің қатысы бар.

«Ол кісі үйден кеткен кезде бауырымның көзінше ұрған. Бауырымның көзінше ұрып тұрғаннан кейін ары қарай не істемейтініне ешкім кепілдік бермейді ғой. Үстіне киген курткасы бәрі қан. Ешқандай сау жері жоқ. Жағаның бәрі қан. Учасковый ұрмаған болса, ол қан қайдан пайда болды? Оны бізге кім айтады? Денесінің бәрі көк ала қойдай. Аузындағы тісіНІҢ бәрі қыршылып, сынып қалған», - дейді марқұмның қызы Құралай Бақыт.

Ал айықтырғыштағы дәрігерлер оның орташа масаң күйде жеткенін айтады. Ал денесінде зорлық іздері болмады дейді.

«Кезекші дәрігер оны тексерген кезде басында ескі жарақаты болғаны анықталды. Оны тіркеу кітапшасына жазып қойған. Содан Екібастұз қаласының айықтырғышына жатқызылды. Таңертең дәрігерлер оның қысымы күрт төмендеп кеткенін және есін жоғалта бастағанын байқаған. Содан бірден жедел жәрдем шақырды», - дейді облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Виктория Ефимова.

Марқұмға дәрігерлер бірнеше рет операция жасаған. Алайда құтқара алмапты. Ақ халаттылар қатты соққыдан миына қан құйылғанын айтқан. Марқұмның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Ал полиция қызметкеріне қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Дәрігерлер оны тексерген кезде денесінде және басында жарақат іздері болмаған. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр. Айықтырғыштағы бейнебақылау камерасына оның бірнеше рет құлап, басын соққаны түсіп қалған», - дейді облыстық полиция департаменті бастығының бірніші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Марқұмның туыстары оның өліміне себепкер болған кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қорқады. Сол себепті учаскелік полицейдің үстінен арыз жазған. Оның немен аяқталары әзірге белгісіз.