Шаңғы теуіп жүріп көз жұмған жасөспірімнің ата-анасы оқиғаның мән-жайын анықтауға ниетті
Ағаштың түбінде жатқан жасөспірімді де сырғанап жүрген демалушылар байқап хабар берген
Қаңтардың басында Ақмола облысындағы тау-шаңғы базасында көз жұмған астаналық 16 жасар баланың ата-анасы оқиғаның мән-жайын толық анықтауға ниетті, деп хабарлайды Qazaqstan.TV.
Қайтыс болған баланың ата-анасында сұрақ көп. Жасөспірімге көмек бірден көрсетілсе, жағдай басқаша болар ма еді деген ой бар. Біреуге кінә тағудан аулақ. Тек ақиқатқа жеткілері келеді. 16 жасар бала төмен қарай сырғанап келе жатқанда мынау ағашқа соғылып мерт болған.
Баламызды осы жерге жатқызып қойған бір жарым сағаттан аса уақыт. Ешқандай алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген. Келген қызметкерлердің барлығы ол медицина саласының қызметкерлері емес, осының ішінде жүрген жұмысшылар, келіп бала қайтыс болды деп өздері қорытынды шығарған. Содан кейін бір жарым сағаттан кейін біз ана жақта іздеп жүргенде төмен қарай түсірген. Бізге көрсетпей, жедел жәрдем шақыртып, қалаға жібермекші болған өздері, - дейді марқұмның әкесі Серікзат Дүйсенғазы.
Ағаштың түбінде жатқан жасөспірімді де сырғанап жүрген демалушылар байқап хабар берген. Бұл дерек бойынша қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Ал демалыс орны қайғылы жағдай болса да, жұмысын тоқтатпаған.
«Қылмыстық кодекстің 306-бабы, яғни қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Сот-медициналық және техникалық сараптамалар тағайындалды. Олардың нәтижесі ақпанның басында белгілі болады. Содан кейін демалыс орны басшылығының әрекетіне құқықтық баға беріледі», - дейді облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Талғат Жұманов.
Марқұмның әкесі осындай қайғылы жағдай қайталанбас үшін демалыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарын күшейту қажет деген пікірде. Қазіргі уақытта тау-шаңғы базаларының қызметін реттейтін 2 мемлекеттік стандарт бар екен. Ол өткен жылдың наурызында қабылданған.
Андрей Подгурски, облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:
Бірақ бұл стандарттар міндетті емес. Кәсіпкерлердің таңдауына қалған. Мемлекеттік органдарда, оның ішінде біздің басқармада қауіпсіздік талаптарын тексеру құзіреті жоқ. Ешқандай нормативтік-құқықтық актілерде көрсетілмеген. Тек ұсыным ретінде айта аламыз. Кәсіпкерлердің жауапкершілігінде.
Тау-шаңғы базасының басшылығы сұхбат беруден бас тартты. Ал демалыс орындарына қойылатын талаптар қалай және қашан өзгеретіні белгісіз. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы өкілдері мемлекеттік стандарттардың қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы тұстарын міндетті қылу жөнінде бастама көтереміз деп отыр.
Еске сала кетейік, салайық, 2 қаңтарда Көкшетаудың маңындағы «Елікті парк» тау шаңғы базасында жасөспірім ағашқа соғылып, көз жұмған еді.