Күдіктілердің кінәсін сот анықтайды
Петропавлда қалалық мәдениет үйінің директоры пара алды деген күдікке ілінді. Осыған байланысты қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Сергей Перов Петропавл қалалық мәдениет үйі директорының үстінен қылмыстық іс қаралып жатқанын растады. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасау фактісі бойынша мәдениет саласының лауазымды тұлғасына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
«Лауазымды тұлға жалпы сомасы 8 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін кәсіпкерлік субъектісінен 454 мың теңге мөлшерінде пара алды деп күдікке ілінді.
Бұдан басқа, жоғарыда аталған лауазымды тұлғаның мемлекеттік сатып алудың күшін жою туралы бұйрықты заңсыз шығарғаны және баға ұсынысы байқау жеңімпазының ұсынысынан 2 есе дерлік асып түскені, конкурстың басқа қатысушысымен шарт жасасу жолымен заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау фактісі анықталды», - делінген Сергей Перовтың жауабында.
Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды.
Күдіктілердің кінәсін сот анықтайды.