×

Президент БАӘ-ге сапары аясында 9 құжатқа қол қойды

Мемлекет басшысы екі елдің ынтымақтастығын нығайтуда бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды

 Динара Амантай 17.01.2023 | 16:58
Фото: .akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында бірқатар құжатқа қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Сондай-ақ биыл шетелге алғашқы ресми сапары Біріккен Араб Әмірліктерінен басталып отырғанын атап өтіп, екі елдің ынтымақтастығын нығайтуда бұл сапардың маңызы зор екеніне назар аударды.

– Әмірліктер – ислам және араб әлеміндегі біздің сенімді әрі басты стратегиялық серіктесіміз. Сіздің еліңіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Қазақ халқы мұны ешқашан ұмытпайды. Әсіресе, елордамызды көркейтуге Араб Әмірліктері зор үлес қосты. Бұл – шынайы достықтың айқын көрінісі, – деді Мемлекет басшысы.

Бұған қоса ол сапар аясында бірқатар құжатқа қол қойды. Атап айтқанда:

 1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы Стратегиялық инвестициялық жобаларды құру туралы бірлескен декларация;

2. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Бас азаматтық авиацияның басқармасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі, «KIDF» қоры және «Masdar» компаниясы арасындағы Қағидаттар туралы келісім;

4. «KIDF» қоры мен «Masdar» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;

5. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және «Abu Dhabi Ports» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

6. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ және «Abu Dhabi Ports Group» компаниясы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісім;

7. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Денсаулық сақтау және профилактика министрлігі арасындағы Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

8. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Ануар Гаргаш атындағы Дипломатиялық академия арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

9. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық кітапханасы мен архивтері арасындағы Архив ісі саласындағы халықаралық байланыстарды жүзеге асыру жөніндегі келісім.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама