Олар жәбірленушінің 2,5 млн теңгесін алған
Алматыда бір топ күдікті ер адамды пышақпен қорқытып тонап кеткен, деп хабарлады Polisia.kz.
Полиция қарақшылық шабуыл жасағандарды ұстады. Қылмыс Саин мен Ұлықбек көшелерінің қиылысында жасалған.
Түнгі сағат 11-де 5 жас жігіт ер адамға шабуыл жасады. Олар оны пышақпен қорқытып, жәбірленушінің телефонын тартып алған. Сондай-ақ мобильді банкинг арқылы жалған есепшотқа 2,5 млн теңге аударуға мәжбүрлеген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілердің кім екені анықталды, - деді Әуезов ауданы полиция басқармасының басшысы Ұлан Әбілқайыр.
Оның айтуынша, ұсталғандар 2000, 2001 және 2003 жылы Алматы облысында туған.
«Күдіктілер Алматыда жалдамалы пәтерде тұрған әрі еш жерде жұмыс істемейді. Бүгінде олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 192-бабы 3-бөлігі бойынша сараланды», – деді Ұлан Әбілқайыр.