Ақмола облысында өрт кезінде зейнеткер құтқарылды
Өрттің шығу себебі – оқшауланбаған электр сымдарының қысқа тұйықталуы
Ақмола облысында жеке үйден өрт шығып, 60 жастағы ер адам құтқарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, кеше Астрахан ауданы Новочеркасск кентінде 40 шаршы метр алаңда жеке тұрғын үйде өрт болған.
Өртті өздігінен сөндіру кезінде үй иесі – 1963 жылы туған ер адам 2-3 дәрежелі күйік алды және өрт сөндіру бөлімі келгенге дейін ол жерден тұрғынды көршісі Мұхтар Макарин құтқарып қалған. Жедел медициналық жәрдем бригадасы үй иесін Астрахан орталық аудандық ауруханасына жеткізді.
Оқиға орнына азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар шыққан. Өрт 02:12-де ауыздықталып, 02:25-те жойылды.
Осы факті бойынша тексеру жүргізілді. Өрттің шығу себебі – қысқа тұйықталуға әкеп соққан оқшауланбаған электр сымдары бар электр қабылдағышты (қазандықты) пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу.