×

БҚО-дағы наразылық: KKC-Sicim компаниясының басшысы Қазақстанға келетін болды

Құрылыс компаниясының жүздеген қызметкері жалақыны өсіруді сұрап, жұмысқа шықпай қойған

 Дәурен Ерболат 17.01.2023 | 13:26
скриншот: видео

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданында наразылыққа шыққан жұмысшыларының жалақысын 50%-ға көтеру туралы талабы орынсыз екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Өңір басшысының айтуынша, KKC-Sicim компаниясы Ақсайда жұмыс істейді.

«Ол бізде Қарашығанақ кен орнын игереді. Бүгінде ондағы жұмысшылар жалақысын 50%-ға көтеру туралы талап қойып отыр. Әрине, компанияның басшылары олармен кездесті. Мәселен, кеше кешке компания басшысының орынбасарлары сол жерге барып, жұмысшылармен кездесті. Жұмысшылардың мәселесін тыңдады. Жұмысшылар жалақыны 50%-ға, кейбірі 100%-ға көтеруді талап етіп отыр. Мұның бәрі заң аясында қаралады», - деді Нариман Төреғалиев Үкімет отырысынан соң.

Өңір басшысының айтуынша, қазір аталған компанияда 3 мыңға жуық адам еңбек етіп жүр.

Облыс әкімі жұмысшылардың жалақысын көтеру талабы орынсыз екенін ашық айтты. Себебі, еңбек келісімшартында мұндай талап жазылмаған.

Менің ойымша, олардың талабы орынсыз. Себебі олардың ұжымдық келісімшарты бар. Олардың әрбірінде жұмыс беруші және жұмысшының арасында жеке келісімшарттар бар. Сондықтан сол келісімшартта жалақыны 50% немесе 100%- көтеру деген жоқ. Қысқаша айтқанда, олардың келісімшартында айлықты 20%-ға көтеру мәселесі қарастырылған. Сондықтан мен сол міндеттемелерге сүйеніп айтып отырмын. (Компаниядағы орташа жалақы – авт.) 280 мың теңге, - деді облыс әкімі.

Облыс басшысы ККС-Sicim компаниясының Италиядағы ең жоғарғы басшысы Қазақстанға келетінін атап өтті.

«Ертең кешке компанияның ең үлкен басшысы Италиядан келеді. Ол жұмысшылармен тағы кездеседі. Заң талаптары бойынша олар жұмысқа бару керек. Қазір олар жұмысқа барған жоқ. Себебі жұмысшылар келімшартта көрсетілмеген жалақыны сұрап отыр. Сондықтан бұл жерде заңға сәйкес шаралар қабылданады», - деді облыс әкімі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама