Ол ауылдарда 1,7 млн қазақстандық тұрып жатыр
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанда шекара маңында орналасқан қанша ауыл барын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінде «Ауыл- ел бесігі» жобасы аясында шекара маңындағы ауылдарды дамыту үшін жобалар іске асырылып жатыр.
Мемлекеттік шекарадан 50 шақырым жерде орналасқан ауылдардың саны – 1,3 мың. Ол ауылдарда 1,7 млн адам тұрады. Министрлік тарапынан осы ауылдарды дамыту үшін тиісті жол картасы әзірленді. Одан бөлек жұмыс тобы еңбек етіп жатыр, - деді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында.
Сондай-ақ ауылдарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдама жобасы әзірленген.
«Бұл жобада инфрақұрылымды дамытудан басқа өзге де қызметтер қалыптастырылады. Оның ішінде отандық телеарналар, интернетті күшейту сияқты шаралар көзделген. Ауылдарда орналасқан шекара заставаларының инфрақұрылымын күшейту де көзделген», - деді министр.