Сәбиді іздеуге 80 полицей мен 50 ерікті жұмылдырылған
Жамбыл облысы Қаратау қаласында 20 жастағы келіншек мүгедек баласын таппай қалған. Сәбиі сал ауруына шалдыққан. Жасы - 2-де. Айтуынша, ол түнде дүкенге шығып кеткен. Ал баланың қасында әйелдің анасы болған көрінеді. Үйге келіп, баласын таба алмаған соң полицияға хабарлаған. Сәбиді іздеуге 80 полицей мен 50 ерікті жұмылдырылған. Кейін белгілі болғандай, үйге анасының таныстары келіп, көңіл көтерген. Науқас бала жылай берген соң ащы суға тойып алған ер адамның бірі оны көрпеге орап, жақын жердегі мешітке апарып тастапты. Азан шақыруға барған имам жылап жатқан баланы көріп бірден құзырлы органға хабар берген, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
«Оны осы мешітіміздің азаншысы Абай Омаров деген ағамыз көріп қалады. Азан айтуға келген кезінде байқаған. Баланың үсті ашық тұрған. Тезірек курткасын алып жабады. Бірақ мешітіміз өте жылы болатын. Медицина мамандары келіп тексергенде денесінде ешқандай жарақаты жоқ, бала сау болып шықты, - дейді Талас ауданының бас имамы Жалғасбай Дүйсенбайұлы.
Күдікті бұл әрекетін түсіндіре алмай отыр. Тек «Мас болып қалдым» деп ақталуда. Қазір «адам ұрлау» бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
«Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 125-бабы 2-бөлігі 5-тармағымен сотқа дейінгі тергеу iсi басталды. Медициналық тексеру барысында баладан ешқандай жарақат белгілері анықталған жоқ», - дейді Жамбыл облысы ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.