Ұлыбритания Украинаға бір танк эскадронын жөнелтетін болып шешті

Дастан Жұмабекұлы

«Challenger 2» жақын арада шұғыл жеткізіледі

фото: ашық дереккөз

Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак Украинаға танк эскадронын жіберуге келісімін берді. Бұл туралы The Independent хабарлады.

Басылымның хабарлауынша, енді «Challenger 2» танкісінің төртеуі таяу арада шұғыл Шығыс Еуропаға жеткізіледі. Сосын оның артынша тағы 8 сондай танк аттандырылады.

Сунак өзінің жоспары жөнінде Украина президенті Владимир Зеленскийге хабарлады.

Премьер-министр Ұлыбританияның Украина алдындағы міндеттемелерін толығымен орындайтынын анық байқатты. Бұған сындарлы сәттерде қорғаныс пен ұрыс даласындағы өзгерістерге сай жедел жаңа қару-жарақтар бөліп тұру да кіреді, – деді украин Үкіметіндегілер.

Осы аптаның басында батыс шенеуніктері Украинаның қазіргі заманғы қуатты танктермен және басқа да ауыр бронетехникамен өзінің соғыс қуатын күшейтіп алмай, Ресей басып алған территориялардың айтарлықтай бөлігін қайтарып ала алмайтынын мойындаған болатын. Басында тіпті НАТО танктерді әкеліп беру арқылы Мәскеуді одан бетер ашындырып аламыз деп қауіптенді.

Бұл шарасыздық қалпын бұзған Ұлыбритания енді «Challenger 2» техникасын беру арқылы Украинаға басты соғыс танктерін жібергелі отырған бірінші батыс мемлекеті болғалы тұр.

Мұның алдында АҚШ билігі Украинаға 50 «Bradley» жаяу әскерлер соғыс машинасын (БМП) беруге уәде еткен. Вашингтон сондай-ақ қазіргі заманғы Stryker бронетранспорлер партиясын қосуы ықтимал екенін де білдірді. Ал Германия көктемнің ортасына дейін Украина Қарулы күштеріне 40 «Marder» жаяу әскерлер соғыс машинасын (БМП) және оған қосымша «Patriot» зенит-ракета кешені батареясын жеткізіп бермекші. Германия басшылығы алдағы аптада сондай-ақ «Leopard» танктерін жөнелту мәселесін де шешіп қалады. Франция Қорғаныс министрі Себастьян Лекорню 4 қаңтар күні Киевке алдағы екі ай бойына жеңіл доңғалақты «AMX 10-RC» танктерін жеткізіп тұратындарын мәлімдеген болатын.