Автомобильді заңдастырған азамат утиль алымнан босатылады
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев шет елден әкелінген автокөлікті заңдастыруға неше теңге жұмсалатынын айтты.
Оның айтуынша, автокөлікті тіркеу үшін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 200 мың теңге көлемінде бір реттік төлем жасалады. Техпаспорт үшін 4 313 теңге мемлекеттік баж бар. Сондай-ақ көлік иесі мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге мөлшерінде алым төлейді. Барлық құжат тексеріліп, төлем жасалғаннан кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты мен мемлекеттік нөмір беріледі.
Шетелдік көлікті бір рет тіркеп, заңдастыруға болады. Бұдан былай Қазақстан азаматтары шетелден әкелінген автокөлікті уақтылы тіркеу талабын сақтауы қажет. Яғни ел аумағына кіргеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде заңдастыруға тиіс, – деді ол.
Сонымен бірге ол көлігін заңдастырған азаматтардың утиль алымнан босатылатынын айтты.