Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысында 32 ауылды дамыту жобасы іске асатын болды

Қазір жолдар ретке келтіріліп жатыр

 Динара Амантай 16.01.2023 | 15:15
Қарағанды облысында 32 ауылды дамыту жобасы іске асатын болды
Фото: Halyq Uni

Қарағанды облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 32 ауыл дамитын болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасына биыл 32 ауыл қатысады. 33 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылатын болады, оның ішінде 22 елді мекенде жолдар жөнделеді.

Аппараттық кеңесте «Ауыл– ел бесігі» жобасын іске асыру барысын экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы жоба бойынша 60 мыңға жуық адам тұратын 21 ауыл мен кент жақсартылған болатын.Тұрғындар үшін жаңа спорт нысандары салынып, мектептер мен интернаттар, мәдени орталықтар жөнделді. Сондай-ақ жолдар ретке келтіріліп жатыр.

Биыл «Ауыл–ел бесігі» жобасымен 43 924 адам тұратын 32 ауылдық елді мекенді қамту жоспарланып отыр. Бұқар Жырау ауданы Гагаринское ауылындағы мектепке қосымша құрылыс жалғасады. Сондай-ақ Бұқар Жырау ауданының Ғ.Мұстафин атындағы кентінде және Абай ауданының Топар кентінде денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр, - деп атап өтті Татьяна Аблаева.

Сондай-ақ Осакаров ауданы Ақбұлақ ауылындағы орта мектеп қайта жаңартылады. Осакаров ауданы Батпақ, Садовое, Озерное, Шет ауданына қарасты Мойынты және Босаға ауылдарында 5 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Бұған қоса Абай, Осакаров, Нұра және Бұқар Жырау аудандарының 22 елді мекенінде 134 шақырым кентішілік жолдарды жөндеу жоспарланып отыр.

Бір ауылдық елді мекен – бір жыл деген қағиданы ұстану қажет. Біз бір ауылға кіріп, бәрін шешіп, қайта оралмағанымыз абзал. Аудан әкімдері «Ауыл– ел бесігі» жобасы аясында ауылдарды кешенді дамыту жоспарларын дайындасын. Барлық конкурстық рәсімдерден уақтылы өтіп, жобаларды іске асыруға кірісу қажет, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама