Петропавлдағы халықаралық әуежайы аукционға шығарылды
Инвестор он жыл ішінде жөндеу жұмыстары мен құрал-жабдықтарды жаңартуға 1,5 миллиард теңге қаржы салуға міндеттеледі
Петропавл әуежайы сатылымға қойылды. Шарт бойынша стратегиялық нысан үш жылға сенімді басқаруға берілуге тиіс. Меншік иесі оны 3 жылдан кейін ғана қызмет түрін өзгертусіз толық сатып ала алады.
Аукцион 31-наурызда ұйымдастырылмақ. Тендердің бастапқы құны – 5,6 миллиард теңге.
Әуежай қазір коммуналдық меншікте, бүгінде ол жерде жүзге жуық адам жұмыс істейді. Жергілікті билік өкілдері коммуналдық мекеменің өз-өзін ақтамайтынын айтып, оны бәсекелестік ортаға беру туралы шешім қабылданғанын жеткізді.
Әуежайдың халықаралық мәртебесі болса да әуе айлағынан ұшақтар әзірге тек екі қалаға (Нұр-сұлтан мен Алматыға) қатынайды. Сәуір айында Ресейдің Түмен қаласына рейстер ашу жоспарланып отыр. Мұндағы ұшып-қону жолағы мен терминал 2016 жылы күрделі жөндеуден өттті.
«Қаржы басқармасы арнайы байқау өткізді. Оның қорытындысына сәйкес нысанның бағасы белгіленді. Аукционнан сатып алатын инвестор он жыл ішінде жөндеу жұмыстары мен құрал-жабдықтарды жаңартуға 1,5 миллиард теңге қаржы салуға міндеттеледі. Яғни, кәсіпкер барлық инфроқұрылымды қалпына келтіруге тиіс», - дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мирхат Әбілмәжінов.