×

Универсиадада Қазақстан хоккейшілері Ұлыбританияны ойсырата ұтты

Матч 15:1 есебімен аяқталды

 Дастан Жұмабекұлы 16.01.2023 | 11:22
фото: ашық дереккөз

Хоккейден Қазақстанның студенттер құрамасы АҚШ-тың Лейк-Плэсиде қаласында өтіп жатқан қысқы универсиадада Ұлыбритания командасымен кездесіп, 15:1 есебімен жеңіске жетті.

Матчта бірінші болып Батырлан Мұратов есеп ашты. Одан кейін Ұлыбританияның хоккейшісі Сэмюэл Роджерс есепті теңестірді. Есеп теңескен соң, Қазақстан құрамасы бірінші үзіліске дейін 5 шайба салып, алға шықты. Мұнда Батырлан Мұратов дубль жасаса, Максим Мұхаметов, Всеволод Логвин, Иван Гавриленко мен Артем Королев қақпаны дәл көздеді.

Екінші кезеңде отандастарымыз қарсылас қақпасына тағы 7 шайба салып, есепті 13:1-ге жеткізді. Данил Бутенко, Әлихан Өмірбеков, Батырлан Мұратов (хет-трик), Руслан Демин, Әли Қасенов, Кирилл Полохов пен Гавриленко (дубль) шайбаның авторы атанды.

Үшінші кезеңде Полохов матчтағы екінші шайбасын соқса, Максим Мұхаметов есепті 15:1-ге жеткізді.

Бұған дейін отандастарымыз Оңтүстік Кореяны 5:1, Венгрияны 9:1 есебімен жеңген болатын. Енді Қазақстан өз тобында Словакия және АҚШ құрамаларымен ойнайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама