Платформаның ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігі бар
Былтыр skills.enbek.kz қысқа мерзімді онлайн курстар платформасында 144,2 мың азамат, оның ішінде 23,4 мың жұмыссыз оқыды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, оқуын аяқтаған барлық пайдаланушылар тиісті сертификаттарға ие болған. Платформада барлығы 191,4 мың қазақстандық тіркелді, оның 178 мыңы 2022 жылы тіркелген.
Оқудан өткен 23,4 мың жұмыссыздың 6,3 мыңы – негізінен Түркістан, Маңғыстау, Ақмола, Жамбыл облыстары мен Астана қаласы жастары.
Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар онда әртүрлі бағыт бойынша 162 курс жариялады, оның 107-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.
Ең танымал курстар – «Разведение КРС молочного направления», «Управление персоналом», «Выращивание клубники от А до Я», «Кассир» және «Жылыжайда көкөніс өсіру технологиясы».
Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.
Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады.
Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.
Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.
2022 жылғы наурыздан бастап платформада қолданыстағы функционал оңтайландырылып, жаңа сервистер іске қосылған.
Атап айтқанда, курстарды іздеу жетілдірілді, сабақтардың түсінікті құрылымы жасалды, оқу процесін бақылау және курс авторларымен жылдам өзара әрекеттесу мүмкіндігі пайда болды.
Курс авторлары үшін ыңғайлы сабақ құрастырушы қолжетімді, жарияланған курстардың статистикасы мен тиімділігін қарау, сертификаттардың әртүрлі дизайны қарастырылған, сонымен қатар оқу құнын алдын-ала есептеуге арналған онлайн-калькулятор бар.
Авторлар мен әзірлеушілерге арналған платформада онлайн курстарды орналастыру тегін. Курстар мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылуы мүмкін, ақпарат берудің әртүрлі форматтары: мәтін, презентация, бейне және аудио материалдар, инфографика және басқа түрлері болуға тиіс. Ұсынылатын онлайн курстардың ұзақтығы 6-дан 144 сағатқа дейін. Платформаның ерекше қажеттіліктері бар студенттер үшін интерфейсті бейімдеу мүмкіндігі бар.