×

Adal партиясы Amanat-қа қосылады

Adal партиясы Amanat партиясына қосылу туралы шешім қабылдады

 Халық үні 16.03.2022 | 16:30
коллаж: Halyq Uni

Adal партиясының саяси кеңесі Amanat (бұрынғы Nur Otan) партиясына қосылу туралы шешім қабылдады. Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев мұндай шешім партияластардың арасында бірауыздан қабылданғанын жеткізді.

«Қазір бүкіл әлем жаһандық экономикалық және геосаяси дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Аумалы-төкпелі кезең бәрімізден жылдам бейімделуді қажет етеді. Украина-Ресей қақтығысы мен одан кейінгі геосаяси текетірес, Еуропа территориясындағы гуманитарлық катаклизмдер қазірдің өзінде доллардың өсуіне, логистикалық дәліздерді қайта құрылымдауға, энергия тасымалдаушылардың рөлін қайта қарауға алып келді. Ресейге қолданылған қатаң санкциялар біздің елге де тікелей әсер етіп жатыр. Өкінішке орай, қақтығыстың салдары халықтың табысының төмендеуіне әкеліп соғады», - деді партия хатшысы.

Adal партиясының саяси кеңесінің шешімін жариялаған Жұмағазиев «Кез келген өзгерісте сабырлы қалпымен салмақты шешім қабылдайтын Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс стилі бізге ұнайды» дегенді айтып, бұл шешімге партия жанашырлары қолдау білдіретіне үмітті екенін жеткізді.

«Adal партиясының бүгінгі күнге дейінгі тың идеялары мен заманауи технологиялық көзқарастары Президентімізге салмақты қолдау бола алады деп есептейміз. Кез келген өзгерісте сабырлы қалпымен салмақты шешім қабылдайтын Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс стилі бізге ұнайды. Ол қазір әділетті мемлекет құруды көздеп отыр. Мемлекет басшысының бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауы аясында айтқан саяси реформалары соның тағы бір дәлелі. Бірақ бұл айтылған реформалар қалай жүзеге асырылады? Мәселе осында. Ол үшін бүкіл қазақ қоғамы бірігуі қажет. Президент реформаларының жергілікте жерде тиісті деңгейде іске асырылмай қалу қаупі жоғары. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «Достарға – бәрін, қалғанына заң бойынша» деген қағидамен келген қоғамның өткенін ұмытпауымыз керек. Сол үшін, біз, адалдықтар Жаңа Қазақстанды құруға белсенді қатысып, еліміздегі оң өзгеріске үлес қосқымыз келеді. Партияластарымызбен ақылдаса келе, бүгін Adal-дың Саяси кеңесінде президенттік Amanat партиясына қосылу туралы бірауыздан шешім қабылдадық. Партия жанашырларына айтарымыз, осы уақытқа дейін халықтың табысын арттыру, әр ауылдың мамандану картасын әзірлеу, әкімдерді әдістемелік қолдау және басқа да партия мүшелерінің алдында алған міндеттемелерімізді толық орындаймыз. Оған күмән болмасын. Билік партиясымен біріккеннен кейін бастамаларымыз тың серпін алып, халық игілігін көреді деп сенеміз. Біздің шешімімізге өзге де әріптестеріміз бен партияластарымыз, партия жанашырлары қолдау білдіреді деп үміттенеміз! «Amanat»-пен бірге алар асуымыз алда!», - деді ол.

Атап өтсек, 2020 жылы бұрынғы «Бірлік» партиясының атауы Adal партиясы болып өзгерді. Сондай-ақ партия саяси кеңесінің құрамына 9 адам енді. Олар: Элдар Жұмағазиев, Алмасбек Садырбаев, Лаура Маликова, Олжас Ордабаев, Ардақ Назаров, Мақсат Толықбай, Дәулет Мұкаев, Игорь Шацкий және Мұрат Қожамқұлов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама