Бір қызды үшеуі жабылып ұрған
Желіде бірнеше қыздың өз қатарластарын ұрып-соққан бейнежазбасы тараған деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Алматы қалалық Полиция департаменті қыз баласын ұрып-соғудың екі дерегін анықтады. Әлеуметтік желіге мониторинг жасау барысында оқиғаға қатысы бар қыздардың кім екені белгілі болған.
«Бірінші жағдайда оқиғаның 15 жастағы қатысушылары видеоның 2022 жылдың ақпанында түсірілгенін хабарлады. Олар өз кінәларын толық мойындады. Қыздардың аналарына қатысты Әкімшілік кодекстің 127 және 435-баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды», - делінген хабарламада.
Ал екінші жағдай биыл 4 қаңтарда «Ұлжан» ықшамауданында болған. Бұл жағдайда бір қызды үшеуі жабылып ұрған көрінеді.
«Қыздың денесіне зақым келтірген тағы үш қыздың ата-анасына да осындай шаралар қолданылды. Төбелеске қатысушылар тіркеуге алынып, ювеналды полиция инспекторларының бақылауында болады», - делінген полиция ақпаратында.