Halyq Uni логотип
×

Әлі де тиісуге болмайды: Назарбаев пен оның отбасы неден айырылды

Елбасы туралы заң күшін жойғаннан кейін де Назарбаев қорғалады

 Халық үні 15.01.2023 | 23:50
Әлі де тиісуге болмайды: Назарбаев пен оның отбасы неден айырылды
фото: ашық дереккөзден

Осы аптада парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заңды қабылдады. 

Енді заңға президент қол қоюы керек. Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен онымен бірге тұратын отбасы мүшелері бірқатар артықшылық пен кепілдіктен ресми түрде айырылады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Назарбаев енді жай ғана экс-президент

«Қазақстан мемлекеттілігін құрудың бастауында тұрған және демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде егемен Қазақстанды дамытуға аса зор үлес қосқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Елбасы болып табылады».

Тоқаев қол қойғаннан кейін күшін жоятын Конституциялық заңның 1-бабында дәл осылай жазылған еді. Бірақ парламенттің шешімімен Нұрсұлтан Назарбаев «Елбасы» титулынан айырылды. Енді ол Қазақстанның экс-президенті деген атаққа ғана ие.

Бұдан былай Назарбаевқа қатысты «Қазақстан Республикасының президентi туралы» Конституциялық заң қолданылады. Онда «Қазақстан Республикасының бұрынғы президенттер» туралы тарау бар. Назарбаев сол нормалар бойынша қорғалады.

Экс-президент ретінде Назарбаев парламент палаталарының бiрлескен отырыстарына, республика президентiнiң қызметке кiрiсуiне, мемлекеттiк мерекелерге арналған салтанатты мәжiлiстерге және мемлекет өткiзетiн өзге де iс-шараларға қатысуға құқылы.

Бірақ ол енді Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттік құрылыстың, елдің ішкі және сыртқы саясаты мен қауіпсіздігінің аса маңызды мәселелері бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар міндетті түрде қарауға жататын бастамалар жасай алмайды.

Әлі де тиісуге болмайды

Тұңғыш президентке Конституциялық заң бойынша бұрын да тиісуге болмайтын. Елбасы туралы заң күшін жойғаннан кейін де Назарбаев қорғалады.

«Қазақстан президентi туралы» Конституциялық заңның 34-бабында «республиканың экс-президентiне, оның абырой мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды. Республика экс-президентiнiң абыройы мен қадiр-қасиетiне қол сұғушылық заң бойынша қудаланады» деп тайға таңба басқандай жазылған.

Дәл осы заңның 36-бабында «Республиканың экс-президентi, мемлекетке опасыздық жасаған жағдайларды қоспағанда, өзiнiң Республика президентi өкiлеттiгiн атқаруымен байланысты iс-әрекетi үшiн жауап бермейді» делінген.

Мемлекеттік саяжай, жеке күзет пен дербес автокөлігі сол күйі қалады

Назарбаевты экс-президент ретінде қамтамасыз ету, оған қызмет көрсету және оны күзету мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.

Оған өмiр бойы:

президенттің лауазымдық жалақысының 80% мөлшерiнде зейнетақы тағайындалады;

қажеттi қызмет көрсетiлетiн пәтер мен мемлекеттiк саяжай, жеке күзет, жүргiзушiсiмен дербес автомобиль берiледі;

ел iшiнде тегiн жүрiп-тұрады;

медициналық, санаторий-курорттық емдеу қызметi тегін көрсетiледі.

Айта кетері, бұл кепілдіктер Назарбаевта бұған дейін де болды.

Назарбаевтың отбасы мүшелері үшін не өзгереді

Әділет министрі Азамат Есқараев түсіндіргендей, Конституциялық заң күшін толығымен жойғаннан кейін Назарбаевпен бірге тұратын отбасы мүшелері барлық кепілдіктен айырылады. Яғни олардың мүлкі мен шоттарын бұғаттауға болады, мемлекеттік күзет берілмейді, сондай-ақ өмір бойына тағайындалған ай сайынғы жәрдемақы енді төленбейді.

Дәлірек айтқанда «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңда жазылған мына нормалар күшін жояды:

Назарбаевпен бірге тұратын отбасы мүшелерінің жеке мүлкіне, олар пайдаланатын тұрғын және қызметтік үй-жайларға, қызметтік көлікке, байланыс құралдарына, жазысқан хаттарына, оларға тиесілі құжаттарға тиісуге болмайды;

Тұңғыш президентке – Елбасына және онымен бірге тұратын отбасы мүшелеріне жеке меншік құқығымен тиесілі мүлікке, сондай-ақ ол құратын заңды тұлғалардың мүлкіне қандай да бір шектеулер қойылмайды;

Елбасының және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің банктік шоттарының банктік құпиялығына және оларға тиіспеушілікке кепілдік беріледі;

Елбасымен бірге тұратын немесе онымен бірге еріп жүретін отбасы мүшелеріне де мемлекеттік күзет беріледі;

бірге тұратын отбасы мүшелеріне қызметтік автокөлікті пайдалану құқығы беріледі;

тегін медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеу құқығы өмір бойы сақталады;

Тұңғыш президентпен бірге тұрған әрбір отбасы мүшесіне ол қайтыс болған күнге дейін Қазақстан заңдарында белгіленген қарттығына байланысты зейнетақының 10 еселенген ең төменгі мөлшеріне тең сомада ай сайынғы жәрдемақы өмір бойына тағайындалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама