×

Жамбыл облысында жұмбақ жағдайда жоғалған 2 жасар бала табылды

80 полиция қызметкері, 50-ден астам ерікті жұмылдырылды

 Халық үні 15.01.2023 | 22:55
фото: polisia.kz

Жамбыл облысының Қаратау қаласында анасы үйде жоқ кезде ғайып болған бала табылды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Бүгін Қаратау қаласының полициясына 2 жасар баланың жоғалып кеткені туралы хабар түсті.

Баланың анасы оны әжесімен бірге қалдырып, дүкенге кеткен, ал қайтып оралғанда оны үйінен таппай қалған. Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 125-бабы 2-бөлігі 5-тармағымен (адам ұрлау) сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жамбыл облысы полиция департаментінің басшылығы баланы табу үшін шұғыл Қаратауға барды.

«Қоңырау түскеннен кейін баланы іздей бастадық. 80 полиция қызметкері, 50-ден астам ерікті және ауданның жанашыр тұрғындары жұмылдырылды. Біз қаланың әр бұрышын аралап, барлық люктерді қарап, жертөлелер мен үйлердің шатырын сүзіп шықтық. Біз үшін ең бастысы - баланы аман-сау табу болды», - дейді Талас аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмағандар жөніндегі учаскелік инспектор, полиция капитаны Жанғали Көпжасаров.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде бала мешіттен табылып, Талас ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді. Денесінде ешқандай жарақат немесе гипотермия белгілері жоқ.

Кейін анықталғандай, үйде анасы жоқ кезде әжесінің таныстары пәтерге келіп, алкоголь іше бастаған. Баланың қатты жылағанын естіген пәтер қонақтарының бірі қатты мас күйінде оны көрпеге орап, жақын маңдағы мешітке апарған.

Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін барлық қажетті тергеу шаралары жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама