Ол өзінің азаматтық ұстанымын да ешқашан түсірмеген азамат еді
Грузиннің атақты өнер майталманы, аты аңызға айналған киноактер, эстрада әншісі, сценарист, кинорежиссер, бірнеше әндердің авторы Вахтанг Кикабидзе 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бұл туралы Sputnik-Грузия хабарлады.
Қалың көрерменге «Буба» атымен танымал болған, халықтың сүйіктісі атанған өнер иесі былтыр Батуми қаласында өзінің 84 жылдығын атап өткен еді.
Вахтанг Кикабидзе 1938 жылы 19 шілдеде Тбилиси қаласында туған. Жоғарғы сыныптарда оқып жүрген кезінен музыкамен айналысып, кейін студенттік оркестр репетицияларына қатысты. Дауылпазда ойнап, ән салды.
Кикабидзе 1959 жылы Тбилиси филармониясына әртіс болып қабылданды. Оның эстрададағы шығармашылық жолы 1960-1970 жылдары «Диэло» және «Орера» джаз ансамбльдерінде өнер көрсетуден басталды.
Вахтанг Кикабидзе кинодағы дебютінде 1966 жылы «Таудағы кездесу» деген фильмге түсті. Ол бұдан кейін 1969 жылы түскен режиссер Георгий Данелияның «Күйінбе!» деген картинасы арқылы көрерменге кеңінен танылды. Осындағы жұмысы үшін актер 1970 жылы Картахенде (Испания) өткен Халықаралық кинофестивальде үздік ер кісі рөлі жүлдесін алды. Кейінірек әртісті үлкен жетістікке жеткізген Георгий Данелияның «Мимино» (1977) фильмі болды.
Кикабидзе 1986-1990 жылдары Грузияның «Рэро» мемлекеттік эстрадалық оркестрін басқарды. 1990-2000 жылдары кинодан гөрі концерттік бағдарламаларға көбірек көңіл бөлді. Ол – көптеген сыйлықтар мен марапаттардың иегері. Олардың арасында КСРО Мемлекеттік сыйлығы, Грузияның Халық әртісі атағы, бірнеше ордендер мен медальдар бар.
Кезінде Бубаның кинода, концерт залдарында салған көптеген әндері тыңдармандардың сүйікті әуендеріне айналып кетті.
Вахтанг Кикабидзе – өзінің азаматтық ұстанымын да ешқашан түсірмеген азамат. Ол 90-жылдардың соңында Ресей Грузия жеріне басып кіргенде, басқыншы елді қатты айыптады. Содан бері бұл мемлекетпен байланысын үзді. Өткен жылы Ресей армиясы Украина территориясын басып ала бастағанда да бірден өз жерлерін қорғаушы украиндар жағына шықты.
Айтулы азамат осыдан бір айдай уақыт бұрын бар жиған-терген ақшасын снарядтар сатып алулары үшін Украина Қарулы күштеріне жіберді. Осы арқылы да Вахтанг Кикабидзе өте жоғары биік парасаттың, әділдіктің адамы екенін тағы бір мәрте айғақтап берді.