47 жастағы әйел 2022 жылдың тамыз айының ортасында кешкі уақытта жұмыстан шығып, сол күйі хабар-ошарсыз кеткен
Шығыс Қазақстан облысында 6 ай бұрын жоғалып кеткен әйелдің денесі табылды.
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 47 жастағы әйел 2022 жылдың тамыз айының ортасында кешкі уақытта жұмыстан шығып, сол күйі хабар-ошарсыз кеткен.
Хабар түскен соң тәртіп сақшылары мен еріктілер әйелді іздеуге жұмылдырылған.
Алайда оны табу мүмкін болмады. Әйел адам Ұлан ауданы Бозанбай ауылында тұрған.
«2023 жылдың қаңтарында жоғалған әйелдің денесі табылды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабымен (адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - делінген ақпаратта.
Ведомство өкілдері Ұлан ауданы тұрғынының денесі қайдан табылғаны, қандай жарақаттан көз жұмғаны туралы мәлімет бермеді.
«Басқа ақпарат беруге заң шеңберінде тыйым салынған. Себебі бұл процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеліп соғады», - делінген хабарламада.