Мұхтар Тайжан жаңа партия құратынын мәлімдеді

Ербол Тұрымбет

Саяси партияның атауы – «Жер қорғаны»

Мұхтар Тайжан, фото: Halyq Uni

Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан жаңа партия құратынын мәлімдеді. Ол елде саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру үшін Мәжіліс, Сенат және Үкімет құрамының 80-90% ауысу керек деп есептейді.

Жаңадан құрылатын саяси партияның атауы – «Жер қорғаны». Мұхтар Тайжан өзінің саяси және экономикалық көзқарасын қолдайтындарды тіркелуге (партия – ред.) шақырды.

«Жер деген ұғым әр қазақ үшін қасиетті деп білем. Жерімізді қорғай алсақ, ұрпақ үшін болашаққа жол ашамыз деген сөз. Менің жан-жақты ұстанымымды, пікірімді жақсы білесіздер деп ойлаймын. Келесі сайлау нәтижесінде (бәлкім биыл) біздің партия белсенділері Парламент пен Үкімет құрамынан табылып, елімізге нағыз реформа енгізетін боламыз!», - деп түйіндеді жазбасын.

Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын қоғам белсендісі Санжар Боқаев та Namys деген атаумен жаңа саяси партия құратынын мәлімдеген. Белсендінің айтуынша, партияның мақсаты әділеттілік орнайтын, адал және парасатты адамдар билік ететін мүлдем жаңа Қазақстан құру.