Halyq Uni логотип
×

«Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасының алғашқы үміткерлері анықталды

Бес күнге созылған комиссия отырысында қабылданған 1039 құжаттың барлығы дерлік қаралды

 Динара Амантай 14.01.2023 | 11:48
«Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасының алғашқы үміткерлері анықталды
Фото: gov.kz

Ақтөбеде 9-13 қаңтар аралығында «Ақтөбе жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша үміткерлердің құжаттарын іріктеу жөніндегі комиссия отырыстары өткізілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімдігі өкілдерінің мәліметінше, комиссия құрамына қоғамдық кеңес мүшелері мен мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар қозғалыстарының өкілдері, блогерлер және «Отбасы банк» АҚ қызметкерлері кірді.

Бес күнге созылған комиссия отырысында қабылданған 1039 құжаттың барлығы дерлік қаралды. Отырыстар ашықтық, айқындық қағидаттарын берік ұстанды. Онлайн-трансляция режимінде өткен отырыстардың барлық жазбалары Instagram әлеуметтік желісінде Jasaqtobe ресми аккаунтында сақталды.

Комиссия отырысының қорытынды хаттамасы 13 қаңтарда бекітілді.

Сондай-ақ ведомство үміткерлердің жалпы ұпайы бірдей болған жағдайда бірінші рет басымдық бала санына, екінші ретте жинақтаған жарна көлеміне, үшінші ретте еңбек өтіліне берілгенін ескертеді. Егер де жалпы ұпайы тең үміткерлердің бала саны бірдей болса, жарна көлемі есептелінеді, бала саны мен жарна көлемі бірдей болса, еңбек өтілі мерзімнің ұзақтығы (айы, күні, жылы) есептелінеді.

Тізімдегі сарымен боялған 40 үміткер төлем қабілетін растау үшін «Отбасы банк» АҚ Ақтөбе облыстық филиалына бастапқы 10 пайыз жарнасымен 2023 жылдың 17 қаңтары мен, 24 қаңтар аралығында жолығулары қажет.

Тізімдегі жасылмен боялған 12 үміткер резервте болады. Егер бастапқы 40 үміткердің кейбірі төлем қабілеттілігін растай алмаса, жасылмен боялған тізімдегі үміткерлерге мүмкіндік беріледі.

Үміткерлердің тізімін толығырақ төмендегі сілтемелерден көруге болады.

"Ақтөбе жастары" бағдарламасының нәтижелері

Серіктес жаңалықтары

Сараптама