Күреске арналған киім танымал Жапонияның Mizuno компаниясының өнімі
Мәдениет және спорт министрлігі дзюдошыларға Алматыдағы оқу-жаттығу жиынында 200 кимоно табыс етті. Бұл туралы ведомствоның Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.
Күреске арналған киім танымал Жапонияның Mizuno компаниясының өнімі.
Жалпы, Алматы облысындағы «Жаңашар» олимпиадалық даярлау орталығына барлығы 130-дан астам татами шебері жиналды. Франциядан келген әлемдік дзюдо шебері, үш дүркін Олимпиада чемпионы, 11 дүркін әлем чемпионы және 5 дүркін Еуропа чемпионы Тедди Ринердің жиынға қатысуы көпшілікті тәнті етті. Бұл жаттығу Франция дзюдо федерациясымен бірігіп өткізілді.
«Мәдениет және спорт министрлігі мен федерацияның президенті Қуанышбек Есекеевтің атынан дзюдоны қолдағаны үшін мемлекетке алғыс айтқым келеді. Бізге берген 100 жаңа кимоно ұлттық құрама спортшыларының кәдесіне жарайтыны сөзсіз. Осы сәтті пайдаланып, біздің құрметті қонағымыз Тедди Ринерге алғыс айтқым келеді. Мұнда ұлттық құрама дзюдошыларынан бөлек, жастар да бар. Аты аңызға айналған спортшымен осылай бір залда жаттығу олар үшін пайдалы боларына сенемін», - деді Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев.
Францияның атақты спортшысы да елімізге келіп, оқу-жаттығу жиынына қатысқанына ризашылығын блдірді.
«Қазақстанға шақырғандарыңыз үшін рақмет. Шыны керек, мұнда мен үшін ауыр салмақта көптеген спарринг-серіктес жиналғанына таңғалып тұрмын. Бәрі күшті, әрі техникасы мықты. Балуандардың кеңесшілері де мықты екен. Егер Қазақстан дзюдошылаыр дәл осылай табанды жаттығатын болса, Париж Олимпиадасында медаль жеңіп алатыны анық»- деді Тедди Ринер.
Жаттығу жиыны Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов, әйелдер құрамасының бас жаттықтырушысы Ерлан Алпысбаев, франциялық жаттықтырушы-кеңесшілер Ксавье Монденкс мен Стефан Трайно жетекшілігімен болып жатыр. Жиын 22 қаңтарға дейін жалғасады.