Halyq Uni логотип
×

Башқұртстан халқы Мұртаза Рахимовпен қоштасты

Ол президент қызметінен кеткеннен кейін елдің егемендігі үшін күрес толығымен аяқталды

 Дастан Жұмабекұлы 13.01.2023 | 15:04
Башқұртстан халқы Мұртаза Рахимовпен қоштасты
фото: ufa1.ru

Бүгін Уфа қаласында 11 қаңтар күні қайтыс болған Башқұртстанның тұңғыш президенті Мұртаза Рахимовты жерлеу рәсімі болды.

Мұртаза Рахимов Башқұртстан Республикасының президенті қызметін 1993-2010 жылдары атқарды. Осы уақыт аралығында ол Ресейде Татарстан Республикасының тұңғыш президенті Минтемир Шаймиевтен кейін өңір басшыларының арасындағы екінші ықпалды тұлға болды. Ол Башқұртстанды басқарған кезде Республика Мәскеуден егемендігін сақтап тұрды. 

Мұртаза Рахимов Кеңес одағы кезінде инженер мамандығын алып, аймақтағы ірі кәсіпорындардың бірі – Уфа мұнай өңдеу зауытында директор болған.

1990 жылы Башқұрт автономды Кеңес Республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы болып сайланды. Сол жылы Башқұртстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданып, кейін КСРО ыдырағанда ол Республиканың Ресейден едәуір автономиясын құжатпен бекітті. 

Рахимов 1993 жылы Башқұрстан президенті болып сайланды. Ол бірнеше рет осы қызметке қайта сайланып отырды. Саясаткер президент қызметінен кеткеннен кейін Башқұртстанның егемендігі үшін күрес толығымен аяқталды. Рахимовтан кейін оның орнына Рустэм Хамитов келді. Одан кейін Хамитовтың орнын Радий Хабиров басты. Бұл екеуін тікелей РФ президенті әкімшілігі тағайындады. Ал Мұртаза Рахимов президент мерзімінің бітуіне бір жыл жетпей қызметін тапсырған соң,  2010-2012 жылдары «Башнефть» мұнай компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі, «Урал» қайырымдылық қоры кеңесінің төрағасы болып қызмет етті.

Ол 88 жасында қайтыс болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама