Тұңғыш президент туралы заңның күшін жоюға шешім қабылданды
Аталған заң жобасы жаңа Конституцияға сәйкес келмейді
Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан конституциялық заңының жобасы екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлады, Halyq Uni тілшісі.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров аталған заң жобасына қатысты баяндама жасады.
«Өткен жылы бүкілхалықтық референдум нәтижесінде елімізде жаңа Конституция қабылданды. Жаңа Конституцияны жақтап Қазақстан халқының 77%-ы дауыс берді. Конституциялық реформа елімізде биліктер тармағы институттарын нығайтып, қоғамда демократияны қалыптастырудағы тәуелсіз 30 жыл ішіндегі ірі қадам, прогрессивті бағыт-бағдар. Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес Қазақстан тұңғыш президенті – елбасының мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Қазақстанның демократия мен плюрализмге бет алып, терең саяси трансформация жасау кезеңінде, жеке топтардың билікті меншіктеуге жетелейтін қандай да бір тетіктерге жол бермеу маңызды. Сондықтан Мәжілістің бір топ депутаттары халықтың басым көпшілігінің сұранысын ескеріп, аталған заң жобасын ұсынды», – деді ол Парламенттің бірлескен отырысында.
Оның айтуынша, «Жаңа Қазақстан» депутаттың тобы аталған мәселеге қатысты Конституциялық сотқа жүгінген.
Конституциялық сот «Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасы статусы» жөніндегі заңының еліміздің жаңа Ата заңына сәйкес келмейтіні жөнінде шешім шығарды. Қазақстанның қоғамдық процесінде саяси институттарға монополия құру әрекеттері, өмір көрсеткендей, елде саяси құндылықтарды девальвациялап, мемлекет дамуына кері әсер тигізуге қабілетті. Сондықтан мұндай олқылықтарға болашақта қоғамдық-саяси иммунитет қалыптастыру өте маңызды! Жоғарыда айтылғанды басшылыққа алып, саяси-құқықтық негіз жоқ екендігін ескере отырып, «Қазақстанның тұңғыш президенті - елбасы статусы» жөніндегі конституциялық заңның күшін жою жөніндегі конституциялық заң жобасы ұсынылады. Бұл қадам елімізде Ата Заңымыздың нормаларын қатаң сақтауға, саяси институттарды бөтен протекциялық күштерден сақтандыруға бағытталған саяси – құқықтық Акт. Конституциялық Заңның қабылдануы теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелмейді, бюджеттен қосымша қаржыны талап етпейді, – деді Ерлан Саиров.
Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы қабылданды.
Айта кетейік, кеше экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тағы бір атағынан айырылған еді. Сондай-ақ ол Қаңтар оқиғасына қатысы болса, қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін екені айтылған.