Енді заңды тек мәжіліс қабылдайды, деді Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жолдауында парламенттің қос палатасына қатысты өзгерістерді жариялады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, сенаттағы президент квотасын бақылау тетігі ретінде емес, парламентте нашар қамтылған әлеуметтік топтардың дауысы мен пікірін ескеру механизмі ретінде қайта қарау керек. Сондықтан сенаттағы президенттік квотаны 15-тен 10-ға дейін шектеу туралы шешім қабылдаған.
Парламенттің төменгі палатасы ешкімге жасанды түрде басымдық берместен, елдің бүкіл электоралды ландшафтын көрсетуі тиіс. Сол арқылы ҚХА-ның мәжілістегі квотасын таратамыз. Бұл саяси тұрғыдан да, заң тұрғысынан да дұрыс деп санаймын. Бұл квота сенатқа ауысып, 9-дан 5 депутатқа дейін қысқарады. Соған сай, мәжілістегі жалпы депутаттар орны азаяды, – деді президент.
Сондай-ақ сенатқа мәжіліс қабылдап қойған заңдарды тек мақұлдау не мақұлдамау құқығын беретін норма енгізілмек. Нәтижесінде заңды тек мәжіліс қабылдайды.
«Президент өкілеттігін біртіндеп қысқартып, парламент рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде елімізде өкілдік билік тармағы болуы керек. Халықтың сенім мандатына ие болған депуттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Бұлар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар мемлекет басшысы төменгі палатаның құзыретін кеңейту жөнінде айтты. Оның сөзінше, елімізде көптеген ауқымды жоба, бағдарламының жүзеге асуы түрлі себепке байланысты көңіл көншітпейді. Сондықтан парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейтуі қажет.
Осы орайда есеп комитетінің орнына жоғары аудиторлық палата құруды ұсынамын. Оның төрағасы мәжіліс депутаттары алдында жылына 2 рет есеп беруге тиіс. Осылайша мәжілістің мәртебесі арта түседі, – деді мемлекет басшысы.
Бұған дейін партияларды тіркеу процедурасы айтарлықтай жеңілдейтіні белгілі болды. «Әкімдерге партияларда қызмет етуге тыйым салу керек», деді президент.