Halyq Uni логотип
×

«Ойыннан от шықты»: Ұзынағаш ауылындағы қыздар арасындағы жанжалдың себебі анықталды

Екеуара келісе алмаған 16 жастағы студенттер ауыл ішіндегі саябақта кездесіп, есеп айырыспақ болған

 Халық үні 13.01.2023 | 07:48
«Ойыннан от шықты»: Ұзынағаш ауылындағы қыздар арасындағы жанжалдың себебі анықталды
Фото: Almaty.tv

Ойыннан от шықты. Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы жасөспірімдер арасындағы жанжалдың неден шыққаны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Екеуара келісе алмаған 16 жастағы студенттер ауыл ішіндегі саябақта кездесіп, есеп айырыспақ болған.

Есте болса, Ұзынағаш медициналық колледжінің екінші курс студенті басқа оқу орнының студентін таяқтың астына алған видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткен еді. Қара күртеше киген қыздың қызыл киімдегі жасөспірімді жағасынан алып, жұдырықтап жатқанын анық көруге болады. Видеоны түсіріп тұрған ер азаматтардың төбелеске қатысқандарды ажыратуға құлықсыз екені де байқалады. Қызуқандылыққа салындық деген студенттер бәрі ойыннан басталды деп отыр.

«Бір-біріміздің сөзімізді көтере алмай ерегесіп қалдық. Сол жерде эмоцияға беріліп кеттік. Нұрайдың мұрны қанағанда, мен өзім қорқып қалдым», – деді студент Дильноз.

Желіде жұдырық жұмсады деген жасөспірім дәл осы Ұзынағаш медицицинилық мекемесінде екінші курста оқиды. Оқу орнының әкімшілігі  студенттің тәртібі жақсы екенін айтты.  Алайда көпшілік оны асқан қатыгездікпен жұдырық жұмсағаны үшін жазаға тарту керегін айтады.

Аталған медициналық мекеменің басшысы бұл бейнежазбаның кеше ғана шығуы бізге жасалған қастандық деп отыр. Ал екі жас арасындағы жанжалды қарапайым жағдай деп баға беріп отыр.

«Өздері саябаққа шақырды. Біреу әдейі суретке түсірген. Олар бір ауылда тұрады. Бәрі біледі. Конфликт әр жерде болады, мысалы үйде де төбелеседі», – деді Ұзынағаш медициналық колледжінің директоры Ильдар Юлдабаев.

«Бүгін біліп жатырмыз ғой. Оған міндетті түрде шара қолданады. Тәрбие ісінде осалдық танытқан», – деді Білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Әмина Төребаева

«Негізі бір ай бұрын болған. Осы 3 желтоқсанда кешірім сұрап, шешіп тастағанбыз. Бірақ осы айда қайдан тарағанын білмейміз. Басында негізі ойын болған, ойнап жүрдік. Сол жерде «қадай алмайсың» деген сөзге бола ұрысып тұрдық. Ойыннан от шықты. Таяқ жегенде де дос болған соң артық кеткен жоқ», – деді зардап шегуші Нұрай.

«Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы, яғни ата-аналардың өзінің ата-аналық міндетін дұрыс атқармауы деген бапқа материалға құжат жиналуда. Екеуі бір-бірімен татуласып, екі жақ та бір-біріне кінә тақпайтын, бір-біріне  арызы жоқ екені анықталып отыр», – деді Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат  Данияр.

Бүгін полиция басқармасында тараптар кездесіп, бұл жайтты тағы талқылады. Аядай ауылдағы қос колледждің студенттері тәртібін түземесе, жаза екі есе қатаңдатылуы мүмкін. Ал әзірге істі әкімшілік сот бақылауда ұстайды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама