×

Биыл Қазақстанда шамамен 1 млн адам жұмысқа орналасады

Азаматтарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын ұсынатын SMS-хабарламалар жіберіледі

 Динара Амантай 12.01.2023 | 15:56
Фото: turkystan.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2022 жылы атқарылған жұмыс нәтижесі мен 2023 жылға арналған міндеттер бойынша министрліктің кеңейтілген алқа отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары туралы баяндады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, іс-шараға премьер-министрі Әлихан Смайылов, премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, сондай-ақ Парламент депутаттары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, орталық мемлекеттік органдар, Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» ҰКП, халықаралық ұйымдар және ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Тамара Дүйсенова министрліктің әлеуметтік-еңбек саласындағы қабылданатын шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарының 5 стратегиялық бағыты туралы баяндады.

Үшінші стратегиялық бағыт – азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Қазіргі геосаяси жағдай, жастардың едәуір ағыны, күтілетін жұмыстан босату және жаңа жұмыс орындарының аз генерациясы ұлттық еңбек нарығының негізгі сын-қатерлері және халықтың нақты табысына әсер ететін факторлар болып табылады. Сондықтан министрлік жұмысының осы бағытының басты мақсаты отбасының кемінде бір мүшесін ресми жұмыспен қамтамасыз ету және оның әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуы болып айқындалды. Негізгі нәтиже жыл ішінде жастарды, жұмыспен қамтылмаған азаматтарды және мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру, – деді ЕХӘҚМ басшысы.

Министр Отбасының цифрлық картасынан алынған деректер негізінде келесідей негізгі нысаналы контингент қалыптастырылатынын хабарлады: екі және одан да көп жұмыспен қамтылмаған еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасылар; жұмыс істемейтін жастар; денсаулық жағдайы бойынша жұмыс істеуге қабілетті мүгедектігі бар адамдар. Оларға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын ұсынатын SMS-хабарламалар жіберіледі. Шараға қатысуға келісім берген азаматтардың ішінен өңірлерде жұмысқа орналасатын адамдардың тізілімі қалыптастырылады.

Жергілікті атқарушы органдар 15 қаңтарға дейін осы контингентпен жұмыс істеуге бағдарланған өңірлік жұмыспен қамту карталарын бекітетін болады.

«Жалпы республика бойынша биыл салалық тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар шеңберінде 75 мыңға жуық жұмыс орнын, қаржыландыру көлемі 131 млрд теңгені құрайтын мемлекет субсидиялайтын 150 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. 780 мың адамды жеке бастамалар шеңберінде және жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарланған. Құрылатын жұмыс орындарының жалпы санының шамамен 20%-ы жастар мен мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға бағытталады. Бұдан басқа, 6 мың жас азаматқа 5 жылға жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын 5 млн теңгеге дейінгі жеңілдікті микрокредиттер берілетін болады. Ерекше қажеттіліктері бар жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға 1,2 млн теңге мөлшерінде 9 мың грант беріледі. Зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін «Күміс жас» жобасын іске асыру жалғаса береді. Жоба аясында жыл сайын кемінде 15 мың адам жұмыспен қамтылады», – деді Тамара Дүйсенова.

ЕХӘҚМ басшысы сондай-ақ өткен жылы Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) бірқатар ірі компаниялармен бірлесіп жұмысқа қабылдаудың пилоттық жобасы іске асырылғанын атап өтті. Бұл жұмыс осы жылы да жалғасады, 15 ақпанға дейін 20 ірі отандық компаниямен тиісті меморандумдар жасау жоспарлануда.

Өңірлерде де осы бастаманы қолға алып, сол арқылы ЭЕБ-ға ұсынылған кәсіпорындар мен бос жұмыс орындарының тізбесін кеңейтуді ұсынамыз. Бұл жұмыс берушілерге мамандарды іздеуді жеңілдетеді, ізденушілер үшін – бос жұмыс орындарына қолжетімділікті кеңейтеді, сондай-ақ өңірлік кадрлар ағынына серпін береді, – деді Тамара Дүйсенова.

Ол өткен жылдың 3 айында ғана ЭЕБ арқылы 11 мыңнан астам адам басқа өңірлерде өз бетінше жұмысқа орналасқанын айтты. Бұл ретте министрлік халықтың ішкі ұтқырлығын ынталандыру үшін азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге көшіру тәсілдері өзгертілді.

«Басты шарт – жұмыс орындарының болуы және тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндігі. Қазір қабылдаушы өңірлердің әкімдері кәсіпорындар бөлінісінде сұранысқа ие кәсіптері бар кадрларға қажеттіліктер және еңбек күші артық өңірлерден келетіндер мен қандастар үшін әлеуметтік пакет түрі көрсетілетін жол карталарын дайындауды аяқтап жатыр. Сондай-ақ, Маңғыстау облысында сынақтан өткен этникалық қазақтарды қабылдау алгоритміне назар аударғым келді. Оған сәйкес жұмыс беруші растаған жұмысқа шақырулары бар этникалық қазақтар кәсіпорынның орналасқан жері бойынша өңірге виза алады, елге бұрын келген отбасы мүшелері, этникалық қазақтар өздері тұратын өңірге жіберіледі, қалған санаттар жергілікті атқарушы органдармен келісім бойынша қоныстандыру өңірлеріне жіберіледі», – деп мәлімдеді министр.

Тамара Дүйсенова халықты жұмыспен қамту орталықтарының алдағы трансформациясы туралы да айтты. Жаңа құрылым қалыптастырылатын болады: өңірлер деңгейінде бэк-офис функциясын еңбек ұтқырлығы орталықтары орындайтын болады, аудандар мен қалалар деңгейінде фронт-офистер мансаптық орталықтарға айналдырылған жұмыс істеп тұрған жұмыспен қамту орталықтары болады. Сондай-ақ орталықтар көрсететін қызметтер үшін тарифтер белгіленеді, қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жұмысқа орналастырылған азаматтардың санына тікелей байланысты болады.

Трансформацияны пилоттық сынақтан өткізу биыл еліміздің 3 өңірінде басталады. Олар Астана қаласы, Қарағанды және Түркістан облыстары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама